Вирусты қызанақ тұқымы: Астана әуежайында карантинге жатқызылған өнімді әкелу фактісі анықталды
Халықаралық әуежайдың фитосанитариялық бақылау бекетінде мемлекеттік инспектор карантинге жатқызылған өнімді анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Фитосанитариялық іс-шаралар нәтижесінде Кореядан әкелінген, алайда Үндістанда өсірілген қызанақта карантиндік объект - қызанақ жемістерінің қоңыр қатпарлы вирусы (Tomato brown rugose fruit virus) бар екені белгілі болды.
Аталған вирус ауыл шаруашылығына әсіресе көкөніс шаруашылығына елеулі зиян келтіретін аса қауіпті карантиндік объектілердің қатарына жатады және елдің фитосанитариялық қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіреді.
Карантинге жатқызылған өнімнің иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, делінген хабарламада.
Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан аумағына әкелу кезінде карантиндік фитосанитариялық заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
Еске салайық, бұдан бұрын елімізде шайдың он түрін әкелуге және сатуға тыйым салынғаны туралы хабарладық.