Елордадағы «Келешек мектебінің» жетекшісі: «Ұстаздардың сапалы еңбегі – білім ордасының басты құндылығы»

Елордадағы «Келешек мектебінің» жетекшісі: «Ұстаздардың сапалы еңбегі – білім ордасының басты құндылығы»
Фото: Бақытжан Отарбаева

Астана қаласы әкімдігінің №113 жалпы орта білім беретін «Келешек мектебі» директорының міндетін атқарушы Мөлдір Махметова заманауи білім беру талаптарына сай жұмыс істеп жатқан білім ордасы туралы Elordainfo.kz тілшісіне айтып берді. 

- Мөлдір Елтайқызы, сіз қызмет атқарып жүрген №113 жалпы білім беретін «Келешек мектебінде» оқу процесі қалай жүргізіліп жатқанына тоқталып өтсеңіз. Оқушылардың білім алуына, ұстаздардың оқу процесінде шығармашылық дағдыларын дамытып, жаңашыл бағытта жұмыс істеуіне жағдай жасалған ба?

- Астана қаласы әкімдігінің №113 жалпы орта білім беретін мектебі – заманауи білім беру талаптарына сай жұмыс істеп жатқан оқу орындарының бірі. Мектепте оқушылар қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттар бойынша білім алады. Оқу бағдарламасы мемлекеттік стандартқа сай жүзеге асырылады. Сонымен қатар сабақ үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктері қолданылып, білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді.


-  ХХІ ғасыр - техника мен технологияның қарыштап дамыған кезеңі. Бүгінде білім сапасына қойылатын талап өзгерді. Осы орайда материалдық-техникалық база қандай?

Мектептің материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде. Сынып бөлмелері заманауи компьютерлермен, интерактивті тақталармен және қажетті оқу құрал-жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген. Бұл оқушылардың цифрлық сауаттылығын дамытуға мүмкіндік береді.

- Білім сапасына тікелей әсер ететін – білікті педагогтер. Кадрларды қалай іріктейсіздер? Кадр тапшылығы мәселесі жоқ па?

- Оқу ордасында басқарудың тиімді жүйесі енгізілген. Бұл жүйе оқу-тәрбие үдерісін жүйелі ұйымдастыруға, ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Педагог кадрлар конкурстық негізде іріктеліп, кәсіби білікті мамандардан жасақталған. Ұстаздардың сапалы еңбегі – білім ордасының басты құндылығы.


- Қауіпсіздік жүйесі қандай деңгейде?

- Мектепте қауіпсіздік жүйесі толық қамтылған. Оқушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында білім ордасында Alaqan экожүйесі енгізілген. Бұл жүйе арқылы мектепке кіру-шығу бақылауға алынып, ата-аналар баласының мектепке келгені мен кеткені туралы жедел ақпарат алып отырады. Сонымен қатар бейнебақылау және басқа да қауіпсіздік шаралары тұрақты жұмыс істейді. №113 мектеп – болашақ ұрпаққа сапалы білім мен сенімді тәрбие беретін заманауи білім ордасы.