Үкіметке екі айдың ішінде «таза» көмір өндірісі бойынша Ұлттық жоба әзірлеуді тапсырдым - Президент

Бүгін, 12:29
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Үкіметке екі айдың ішінде «таза» көмір өндірісі бойынша Ұлттық жоба әзірлеуді тапсырдым -  Президент
Фото: freepik.com

Мемлекет басшысы бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

«Мен Ұлттық құрылтай отырысында Үкіметке екі айдың ішінде «таза» көмір өндірісі бойынша Ұлттық жоба әзірлеуді тапсырдым.

Осы бағытта Қытайдың тәжірибесін ерекше атап көрсетуге болады. Олар «таза көмірден» жалпы көлемі 55 гигаватт болатын 85 энергетикалық блок салу жұмысын бастап кетті. Бұл – әлем бойынша көмірден алынатын энергия көздерінің 90 пайызы деген сөз.

Бір сөзбен, көршілес ел шын мәнінде тиімді, яғни энергетикалық қауіпсіздік және экономикалық өсім тұрғысынан пайдалы шешім қабылдап отыр. АҚШ та көмір игеру және оны пайдалану саясатына көшетін болды», - деді Президент. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ұлттық электр желісінің сенімді жұмыс істеуіне баса назар аудару қажеттігін айтты.

«Үкіметке келесі жылдың соңына дейін Оңтүстіктегі электр желілерін дамыту жобаларын жүзеге асыру тапсырылады. Сондай-ақ Батыстағы қуат жүйесін еліміздің бірыңғай ұлттық энергия жүйесімен біріктіруге тиіс.

Заманауи цифрлық тәсілдерді енгізбесек, электр қуатын үнемдеу қиын, энергия жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі екіталай. Осы салада жасанды интеллект көмегімен онлайн-мониторинг жүргізуді жедел қолға алған жөн», - деді ол.