Түркістанда бүйрегін сатуға оқталған тұрғын ұсталды

Бүгін, 14:19
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Түркістанда бүйрегін сатуға оқталған тұрғын ұсталды
Фото: freepik.com

Түркістан қаласының ауданаралық сотында тірі адамның ағзасын трансплантациялауға қатысты заңсыз мәміле жасау бойынша айыпталған М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сотталушы М. 2025 жылдың ақпан айында Telegram-да өзінің бүйрегін сататынын жарнамалаған. Ішкі істер органдарының қызметкері «А» есімді тұлғамен жолығып, ол 13 млн теңгеге ағзаны сатып алуға келісіп, 5 млн теңгені қолма-қол беріп жатқанда айыпталушы ұсталған.
Сотта М. өз кінәсін толық мойындап, бұл әрекетке ауыр материалдық жағдайы мен ақшаға мұқтаждығы себеп болғанын, сол себепті өзінің ағзасын сатуды жоспарлағанын көрсетіп, жасаған ісіне өкінетінін білдірді.
Сот, жасалған әрекет ауырлығы орташа қылмыс санатына жататынын және зиян келтірілмегенін ескере отырып, «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңын қолданып, 2026 жылы 5 ақпанда сотталушы М.-ны қылмыстық жауаптылықтан босатып, іс жүргізуді тоқтатты.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін қайтыс болған донордың ағзалары төрт науқастың өмірін сақтап қалғаны туралы жаздық.