Түркістан облысында жеке клиникалар 294 млн теңге медициналық сақтандыру қаражатын жымқырған
Түркістан облысының прокуратурасы мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарды тексеру барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қаражатты заңсыз алу фактілерін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Лицензиясыз консультация-диагностика қызметін сапасыз әрі тиісті деңгейде көрсетпеу жағдай белгілі болды.
Мәселен, облыстағы жекеменшік клиниканың бірінде рұқсат құжатынсыз бірқатар маман атынан 28 мыңнан астам консультация көрсетіліп, 91 млн теңге көлемінде қаражат алынған. Олардың қатарында офтальмолог, гастроэнтеролог, аллерголог, уролог, психиатр, гематолог, генетик, қан тамырлары хирургы, нейрохирург, нефролог, инфекционист, невропатолог, эндокринолог, хирург, кардиолог, фтизиатр, рентгенолог, ревматолог, онколог бар.
Аталған факті Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, тергеуді аумақтық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізді. Келтірілген залал толық өтелуіне байланысты іс тоқтатылды.
Сонымен қатар өңірде 203 млн теңге көлемінде жалған стоматологиялық қызметті көрсету фактісі анықталды. Екі аффилирленген клиника өздеріне формалды түрде үш дәрігерді рәсімдеп, электронды төлем жүйесіне жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілгендей етіп 40 мың жалған стоматологиялық қызмет енгізген. Тексеру барысында стоматолог бір мезгілде әртүрлі клиникада ондаған пациентке «қызмет көрсеткені» тіркелгені анықталды.
Пациенттердің жауабы бойынша мұндай деректердің жалған екені растады.
Аталған факті бойынша арнайы прокурорлар Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, материалдар сотқа жолданды.