«SuperStar KZ»: Ақтауда жаңа форматтағы жобаның іріктеу кезеңі өтіп жатыр

Бүгін, 15:39
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«SuperStar KZ»: Ақтауда жаңа форматтағы жобаның іріктеу кезеңі өтіп жатыр
Фото: Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы

Бүгін, 6 сәуір күні SuperStar KZ жобасының кезекті іріктеу кезеңі Ақтау қаласында өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Айта кетейік, Қазақстанда алғаш рет 2003 жылы эфирге шығып, қысқа уақыт ішінде көрерменнің ерекше ықыласына бөленген бұл жобаны биыл Qazaqstan ұлттық телеарнасы жаңа форматта қайта жаңғыртып, тың идеялармен ұсынуды жоспарлап отыр.

Жаңартылған маусым жаңа есімдер мен тың таланттарды анықтауға бағытталған. Осы мақсатта еліміздің түкпір-түкпірінен өнерге құштар жастарды іздеуге арналған ауқымды кастинг ұйымдастырылуда. Музыкалық шоуға жасы 16 мен 25 аралығындағы, ән өнеріне қызығушылығы бар кез келген азамат қатыса алады.

Qazaqstan ұлттық телеарнасының креативті продюсері Алтынбек Рахметов Ақтау қаласындағы іріктеудің маңыздылығына ерекше тоқталды.

Оның айтуынша, Ақтау - жоба қамтыған екінші өңір. Алғашқы іріктеу Шымкент қаласында өтіп, қатысушылардың белсенділігі жоғары болған.

«Ақтау қаласына да үлкен сенім артамыз. Бұл - өнері өркендеген, таланттарға бай өңір. Осы өлкенің өнерлі жастары арасынан жаңа жұлдыздардың шығатынына күмән жоқ. Бүгінгі эстрадамызға жаңа леп, жаңа бағыт қажет деп санаймыз. Басты мақсатымыз - жас таланттарды тауып, отандық музыкаға жаңа толқын әкелу. Қазіргі жастардың музыкалық талғамы ерекше, олар әлемдік үрдістерге жақын. Сондықтан жаңа форматтағы іріктеу арқылы ең үздік қатысушыларды анықтаймыз», - деді Алтынбек Рахметов.

Ақтау қаласындағы іріктеу кезеңіне Атырау қаласынан да қатысушылар келіп, өз өнерлерін көрсету мүмкіндігіне ие болуда. Іріктеу кезеңі таңғы сағат 09:00-де басталып, кешкі 18:00-ге дейін жалғасады.

Жоба кураторының мәліметінше, іріктеу кезеңі осы айдың соңына дейін жалғасады. Бастапқы кезең Шымкент қаласында өтсе, финалдық іріктеу Алматы қаласында ұйымдастырылады. Жалпы жоба Қазақстанның 9 қаласын қамтиды деп жоспарланған.

Мамыр айында барлық қатысушылардың өнері қайта сараланып, іріктеудің келесі кезеңіне жолдама алады. Жобада 150 қатысушы ғана эфирлік кезеңге өтеді.

Маусым айынан бастап жобаның түсірілім жұмыстары басталып, жаңа жылға дейін жалғасады. Бағдарлама тікелей эфирде көрсетіліп, көрермендер өз таңдауларын жасап, қатысушыларға дауыс беру арқылы қолдау көрсете алады.

Қазылар алқасының құрамында Ерболат Беделхан, Мақпал Исабекова және Ләйла Сұлтанқызы болады. Ал жобаны Балжан Бидаш пен Ғалымжан Кеңшілік жүргізеді.

Айта кетейік, офлайн кастингтер 4-26 сәуір аралығында Қазақстанның 9 қаласында өткізіледі. Атап айтқанда, 4 сәуір күні Шымкент қаласында басталған іріктеу 6 сәуірде Ақтауда жалғасса, 8 сәуір - Ақтөбе, 10 сәуір - Семей, 12 сәуір - Павлодар, 15 сәуір - Қостанай қалаларында өтеді.

Ал 17-18 сәуір күндері іріктеу Астана қаласында ұйымдастырылады. Сонымен қатар 20 сәуір - Қызылорда, 25-26 сәуір күндері Алматы қалаларында байқаудың алғашқы кезеңіне қатысуға мүмкіндік бар.