S&P рейтингтік агенттігі Қазақстанның кредиттік болжамын жақсартты
S&P рейтингтік агенттігі Қазақстанның кредиттік болжамын жақсартты. Бұл туралы Экономика министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
20 ақпанда S&P рейтингтік агенттігі«Позитивті» болжамын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB–» деңгейінде растады.
Рейтинг пен позитивті болжамның сақталуы одан әрі фискалдық шоғырлануға, өтімділігі жоғары активтердің елеулі буферлерінің сақталуына, экономиканы әртараптандырудың жалғасуына, ауқымды цифрландыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігінің артуына, сондай-ақ, институционалдық және әкімшілік реформалардың жалғасуына байланысты болып келеді.
Оның ішінде Ұлттық қордың қаражатын пайдалану бойынша қатаң фискалдық қағидалардың сақталуы, мұнайға қатысты емес салық базасын кеңейтумен бірге мемлекеттік қаржының орнықтылығын нығайтуға ықпал етеді.
ҚҚС-ты арттыру, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, сондай-ақ, бюджет шығыстарының өсуін шектеу тапшылықты біртіндеп қысқартуға ықпал ететін болады.
S&P өңдеу өндірістерін дамытуға бағытталған өткен жылы басталған инвестициялық бағдарламаны ерекше атап өтті. Басым секторлардағы «Бәйтерек» ҰИХ жобаларының ауқымы мен портфелі өткен жылдарға қарағанда ЖІӨ-ге қатысты инвестициялардың жоғары деңгейін қолдауға мүмкіндік береді. Болжау бойынша әртараптандыру процесі жалғасады. ЖІӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі екінші жылы тау-кен өндіру саласының үлесінен асып түседі және жедел деректер бойынша 2025 жылы 12,7% - ға дейін көтерілді.
Талдаушылардың болжамы бойынша, біркелкі сыртқы борыш деңгейінің және шетел валютасындағы активтер көлемінің арқасында Қазақстан сыртқы нетто-кредитор болып қала береді.
Қайталама санкциялар қаупінің төмен екені де атап өтілді.
Бұған дейін Олжас Бектенов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізгенін жаздық.