Солтүстік Қазақстан облысында үш вокзал қайта жаңартылып жатыр

3 қаңтар, 2026
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Солтүстік Қазақстан облысында үш вокзал қайта жаңартылып жатыр
Фото: Көлік министрлігі

Солтүстік Қазақстан облысында Жаңаесіл, Саумалкөл және Тайынша станцияларындағы үш теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Жобаның негізгі мақсаты – жолаушылар инфрақұрылымын жаңарту және қызмет көрсету сапасын арттыру. Оның аясында вокзал ғимараттарын кешенді түрде жаңғырту, ішкі бөлмелер мен инженерлік желілерді жаңалау, сондай-ақ, жолаушылар ағынын ескере отырып күту залдарын қайта жоспарлау көзделген.

Жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ өрт, терроризмге қарсы және санитарлық қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылады.

Жұмыстар облыс әкімдігі айқындаған мердігер ұйымдар тарапынан жүзеге асырылып жатыр.

Жаңаесіл станциясындағы аумағы 570 шаршы метрді құрайтын вокзал ғимаратында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталу сатысына жетті.

Саумалкөл және Тайынша станцияларында инженерлік желілерді орнату мен ішкі әрлеу бойынша соңғы жұмыстар жүргізілуде. Аумағы 442 шаршы метр болатын Тайынша вокзалының да дайындық деңгейі аяқталу кезеңінде.

Қайта жаңғырту жұмыстарының аяқталуы жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттырып, вокзал кешендерін теміржол саласының заманауи талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Бұған дейін елде 124 вокзал бір уақытта жаңартылып жатқанын жаздық.