Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нурия Ниязова Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері, магистранттары мен докторанттарына арналған кәсіби және тұлғалық дамуға бағытталған «Даму күні» жобасы аясында дәріс оқыды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара барысында сенатор 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Салық кодексіндегі негізгі жаңалықтар жөнінде баяндама жасады. Ол корпоративтік және жеке табыс салығының мөлшерлемелеріндегі өзгерістерге, арнайы салықтық режимдерді оңтайландыруға және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру шараларына тоқталды.

Нурия Ниязованың айтуынша, енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – салық жүйесін жеңілдету, әкімшілік жүктемені азайту және тұрақты экономикалық өсім үшін қолайлы жағдай жасау.
«Тиімді салық саясатын қалыптастыру кәсіпкерлікті дамытуға, инвестициялық белсенділікті арттыруға және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Айта кетерлік жайт, жаңа Кодексте әлеуметтік маңызы бар салалар мен нақты экономиканы қолдауға басымдық сақталып отыр», – деді сенатор.
«Даму күні» жобасы академиялық ортада пікірталас мәдениетін дамытуға, білім алушыларды сараптамалық талқылауларға тартуға және мемлекеттік пен қоғамдық институттар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Қатысушылар кездесудің практикалық маңыздылығын және заң шығару тармағы өкілімен тікелей пікір алмасу мүмкіндігін жоғары бағалады.