Сенатор Бибігүл Жексенбай «Тұрғындардың пікірін ескеру – басты қағидат»

8 қаңтар, 2026
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Сенатор Бибігүл Жексенбай «Тұрғындардың пікірін ескеру – басты қағидат»
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай елорданың қала құрылысы саясатын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан сүйемелдейтін Астана бас жоспары ғылыми-зерттеу және жобалау институтының ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесу барысында елорда аумағын кезең-кезеңімен дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, қала келбетін дизайн-код талаптарына сай қалыптастыру, мәдени-сауық нысандары мен тұрғын үйлер құрылысының барысы, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, экологиялық тепе-теңдікті сақтау, сондай-ақ көлік жүйесін жаңғырту мәселелері күн тәртібіне қойылды.

Сонымен қатар Астана қаласының 2035 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілген түзетулер мен елорда агломерациясын қалыптастыру жобасына қатысты өзекті мәселелер қаралды.

«Бүгінгі кездесудің мақсаты – Парламент қабырғасында қабылданып жатқан заңдар туралы ақпарат беру және алдағы уақытта қандай заңнамалық бастамалар қажет екенін сіздермен бірге талқылау. Елордамыз күн санап өсіп, дамып келеді. Мемлекет басшысы қаланың тек көрікті ғана емес, ең алдымен тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз әрі жайлы болуына ерекше мән беріп отыр», – деді сенатор Бибігүл Жексенбай.

Кездесу барысында сенатор қала кеңістіктерін «ақылды» басқару, жасыл инфрақұрылымды дамыту және инклюзивті орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Сенатор соңғы екі жылда Қазақстан Республикасы Парламенті тарапынан қалаларды кешенді дамытуға бағытталған бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістер қабылданғанын атап өтті. Атап айтқанда, қала аумақтарын кешенді жоспарлау, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, экологиялық талаптарды күшейтуге бағытталған қала құрылысы саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер, сондай-ақ Жер кодексіне енгізілген түзетулер.

«Заңнамалық өзгерістер жер ресурстарын тиімді пайдалану, қоғамдық және әлеуметтік нысандарға басымдық беру, жер телімдерін беру рәсімдерінің ашықтығын арттырады. Ал экология және тұрақты даму саласындағы заңнамалық нормаларды күшейту, жасыл аймақтарды сақтау мен кеңейтуге қойылатын талаптарды күшейтеді. Сондай-ақ көлік және жаяу жүргінші инфрақұрылымын дамытуға, қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыруға және көлік жүктемесін азайтуға бағытталған құқықтық тетіктер қарастырылды», - деді сенатор.

Сенатордың айтуынша, аталған заңнамалық өзгерістер Астананың Бас жоспарын іске асыру үшін берік құқықтық негіз қалыптастырып, нүктелік құрылыстан жүйелі қалалық даму моделіне көшуге мүмкіндік береді.

Бибігүл Жексенбай Бас жоспарды одан әрі нақтылау кезінде елорда тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін ескеру маңызды екенін атап өтті. Әсіресе абаттандыру, скверлер мен қоғамдық кеңістіктер салу, әлеуметтік нысандарды орналастыру мәселелері басты назарда болуы тиіс.