Құс фабрикасы тауық саңғырығынан 15 млн кВт/сағ электр қуатын өндірді
Отандық агрокәсіпорындар өндіріс қалдықтарын тұрақты табыс көзіне айналдырып, «жасыл» энергетика технологияларын жыл сайын сенімді игеріп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауылшаруашылығы министрлігі.
«Агрофирма Құрма» серіктестігі 2018 жылы құс фабрикасының қалдықтарын өңдеп, биогаз алу жүйесі сәтті енгізді. Нәтижесінде электр және жылу энергиясы, сондай-ақ биотыңайтқыштар шығарылып жатыр. Инвестициялық жобаның жалпы құны 573 млн теңге.
Қазіргі уақытта биогаз станциясы тәулігіне 150 тоннаға дейін тауық саңғырығын өңдейді. Осы үдеріс барысында метан мөлшері 65% болатын 22–23 мың текше метр биогаз өндіріледі. Сағатына 600 кВт электр энергиясы, тәулігіне 20 тоннаға дейін органикалық тыңайтқыш өндіріледі.
«Технологияның негізгі көзі - құс шаруашылығынан шығатын органикалық қалдықтарды қайта өңдеу. Ферментация процесі кезінде түзілген биогаз электр энергиясын өндіруге пайдаланылады. Сонымен қатар кәсіпорын егістіктерінде қолданылатын органикалық тыңайтқыш шығарылады. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, өндірістік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
Станция жұмыс істеген уақыт ішінде 15 млн киловатт/сағат электр энергиясы өндірілді. Кәсіпорын жыл сайын 100-190 млн теңге көлемінде табыс табады.
