Қарулы Күштер туралы жалған ақпарат таратқан азаматқа айыппұл салынды
Әскери қызметтің беделіне нұқсан келтірген азамат жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 2-бөлігі («Жалған ақпаратты орналастыру, тарату») бойынша кінәлі деп танылды. Оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
«26 маусым күні @egovpress Telegram-арнасында жарияланған бейнематериалдарда азамат өзін ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі ретінде көрсетіп, әскери қызметтің беделін түсіретін мәліметтер таратқан. Қорғаныс министрлігі жүргізген тексеріс нәтижесінде аталған азаматтың әскери қызметке қатысы жоқтығы және бұған дейін Қарулы Күштерде немесе өзге де әскери құралымдарында қызмет атқармағаны анықталды», делінген хабарламада.
Тексеріс материалдары ішкі істер органдарына жолданып, оның нәтижесі бойынша азаматтың жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.
Қорғаныс министрлігі әскери қызмет пен Қарулы Күштердің беделін түсіретін жалған ақпаратты тарату заңнамада көзделген жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
Еске салсақ, елдегі әскери бөлімдерде жауынгерлік даярлықтың келесі кезеңі басталды.