Қорғаныс министрі Голан жоталарына жіберілетін бітімгерлердің дайындығын тексерді

Бүгін, 14:12
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қорғаныс министрі Голан жоталарына жіберілетін бітімгерлердің дайындығын тексерді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Алматыға жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясына баруға дайындалып жатқан 3-ші ұлттық бітімгерлік контингенттің әскери қызметшілерімен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Бөлімше командирі, подполковник Ілияс Алматов жеке құрамның қойылған міндеттерді орындауға әзірлігі туралы баяндады.

«Дайындық халықаралық стандарттарға сай жүргізілуде. Жеке құрам миссия аймағына аттануға толық дайын», - деді ол.

Әскери қызметшілерге арнаған сөзінде Қорғаныс министрі алдағы миссияның маңыздылығын атап өтті.

«Бітімгерлік операцияға қатысу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Қазақстандық контингент ел басшылығы мен БҰҰ миссиясы қолбасшылығының сенімі мен құрметіне ие. Сіздер елімізді лайықты түрде танытасыздар деп сенемін», - деді авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.

Министр сондай-ақ жауапкершілік аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қазақстандық бітімгерлердің қосқан үлесін атап өтті. 

Еске салсақ, қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарында мыңнан астам қауіпті затты жойған еді.