Қазақстан мен Түркияның бірлескен жобаларына 920 млн доллар инвестиция тартылды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанға екі ел бірлесе іске асырып жатқан бірқатар инвестициялық жоба туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Атап айтқанда:
- Абай облысында Miryıldız компаниясы кен байыту комбинатын салуға ниетті;
- İskefe Holding Алматы қаласында желатин шығаруды жоспарлап отыр;
- Orzax Group Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын заманауи өндірісті қолға алды;
- S Sistem Lojistik компаниясы «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірлесіп, Ақтөбе халықаралық әуежайы аумағында логистика орталығын салып жатыр;
- Tiryaki Holding Астанада бидай мен асбұршақты терең өңдейтін зауыт құрылысына кірісті.
Аталған жобалар аясында елімізге 920 миллион доллардан астам инвестиция тартылып, 3 100-ден аса жұмыс орны ашылмақ.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мемлекеттер басшыларына бүгінде түрік компанияларының қатысуымен ел экономикасының түрлі секторында 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын баяндады. Олардың жалпы сомасы – 4 миллиард доллар шамасында.
Қазіргі кезде құны 4 миллиард долларды құрайтын тағы 50 бірлескен жобаға қатысты жұмыс жалғасуда. Бұл Қазақстан мен Түркияның инвестициялық ықпалдастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Еске салсақ, Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы өтті.

