Қазақстан ғалымдары құс етін сақтауды 3 есеге дейін ұзартатын технология әзірледі

Қазақстан ғалымдары құс етін сақтауды 3 есеге дейін ұзартатын технология әзірледі
Фото: АШМ

Отандық ғалымдар салқындатылған құс етінің сақтау мерзімін 3 есеге дейін ұзартатын технология әзірледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ-ға сілтеме жасап.

Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты мамандарының инновациялық технологиясы құс етін нитраттар мен нитриттерді қолданбай, 0±1 °C температурада 20 тәулікке дейін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл сүт сарысуы мен Lactococcus lactis ssp. lactis F-116 гибридті штамының бактериоцині негізінде жасалған антимикробтық тағамдық жабын. Әзірленген биоконсервант Pseudomonas, Salmonella және Listeria секілді негізгі патогендердің дамуын тежейді. Сонымен қатар, оның құрамында улы химиялық қоспалар жоқ және ол «Clean Label» халықаралық тұжырымдамасына сай келеді.

Сақтау мерзімін 20 тәулікке дейін ұзарту жеткізу логистикасының ауқымын кеңейтіп, өнімнің бұзылуынан болатын шығынды азайтады, салқындатылған ет экспортын ұлғайтып, өнімнің қосылған құнын арттырады.

Технология өндірістік сынақтан өтіп, «Медеу 55» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына енгізілді.

Еске салсақ, Баянауылдан Қызыл кітапқа енген құстарды аулап, шетелге саудалағандар ұсталғанын хабарладық.