Қайрат Айтуғанов: Астана – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны
«АУЫЛ» партиясының Төрағасы Қайрат Айтуғанов Астана күніне орай қазақстандықтарды құттықтап, елорданың ел тәуелсіздігінің символы әрі мемлекеттіліктің берік тұғыры екенін атап өтті. Ол Астананың қарқынды дамуы бүкіл өңірлердің өркендеуімен сабақтас екенін айтып, барша азаматтарға зор денсаулық, амандық пен елге тыныштық тіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Астана — еліміздің бас қаласы ғана емес. Ол — Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен абыройын айшықтайтын, мемлекеттілігіміздің тұғырына айналған, халқымыздың бірлігі мен жарқын болашаққа ұмтылысын білдіретін қасиетті шаһар.
Тарих үшін қас-қағым сәт саналатын аз ғана уақыт ішінде Астана әлем назарын өзіне аударған заманауи мегаполиске айналды. Бүгінде мұнда елдің ертеңіне қатысты маңызды шешімдер қабылданып, ауқымды бастамалар жүзеге асырылып, Қазақстанның халықаралық беделін арттыратын игі істер қолға алынуда.
Елордамыздың қалыптасу жолы бір ақиқатты айқын көрсетті: ел бірлігі мен ортақ мақсатқа деген сенім, табанды еңбек пен көреген ұстаным ұштасқанда алынбайтын асу болмайды.
Бүгінде Астана қарқынды дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңа мектептер мен медициналық мекемелер, мәдениет және спорт нысандары салынып, көлік инфрақұрылымы жаңарып келеді. Қаланың келбеті өзгеріп, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы қоғамдық кеңістіктер көбейіп жатыр. Мұның бәрі — халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Дегенмен, қуатты елорда қуатты өңірлермен ғана қанат жаяды. «АУЫЛ» партиясы үшін Астананың өсіп-өркендеуі еліміздің әрбір өңірінің, әрбір қаласы мен ауылының дамуына серпін беруі аса маңызды. Өйткені елорданың табысы бүкіл Қазақстанның игілігіне қызмет еткенде ғана оның шынайы мәні арта түседі.
Біз үшін мемлекеттің басты міндеті — ел аумағының теңгерімді дамуын қамтамасыз ету, еңбек адамын ардақтау, отбасы институтын нығайту, жастарға қолдау көрсету және отандық кәсіпкерліктің өркендеуіне жол ашу.
Астана қашанда асқақ арман мен биік мақсаттардың мекені болды. Ол әртүрлі буын өкілдерін, сан алуан кәсіп иелері мен түрлі көзқарастағы азаматтарды бір мақсатқа жұмылдыра білді. Ол мақсат — Әділетті, қуатты әрі өркендеген Қазақстанды бірге құру.
Алдымызда әлі талай асу мен үлкен міндеттер тұр. Бірлігімізді бекемдеп, жауапкершілікті терең сезініп, ұлттық құндылықтарымызды қадірлей білсек, кез келген белесті бағындыра алатынымызға сенімдімін.
Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, елімізге тыныштық пен тұрақтылық тілеймін.
Астана әрдайым жасампаздықтың, ел бірлігі мен мемлекетіміздің өркендеуінің символы болып қала берсін!
Мереке құтты болсын!
Астана күні құтты болсын!
«АУЫЛ» партиясының Төрағасы
Қайрат Айтуғанов