Өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда елімізде құрылатын Ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясының қызметін жан-жақты қолдау қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Отандық жүк тасымалы компанияларын қолдаудың алдағы үш-бес жылға арналған нақты шаралар жиынтығын әзірлеу қажет. Басты мақсат – компанияларды қосылған құнды құруға ынталандыра отырып, мультимодальдық логистиканы дамыту. Әуе кемелері флотын өркендету транзиттік әуе желісін қалыптастырудың маңызды бөлігі саналады», - деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізде жүк тасымалдайтын ұшақтардың тапшылығына тоқталды.
«Үкімет құрастырылғанына 25 жылдан асқан жүк ұшақтарына қойылған шектеуді алып тастау мәселесін мұқият қарастыруы керек. АҚШ-тағы FedEx әуе компаниясы ұшақтарының шығарылғанына орта есеппен – 28 жыл. UPS компаниясында бұл көрсеткіш 30 жыл болса, Ұлыбританияның One Air әуе компаниясында 33 жылды құрайды. Мұндай мысалдар жеткілікті», - деді Президент.