Президент: Қазақстан Кипр компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын

Президент: Қазақстан Кипр компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын
Фото: Ақорда

Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Кипр компанияларына қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Президенттің айтуынша, қазір елімізде Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Олардың 30-ға жуығы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген.

– Осының өзі елдеріміздің іскерлік және инвестициялық байланыстары дәйекті түрде дамып жатқанын көрсетеді. Бүгін елордамызда Қазақстан-Кипр бизнес-форумы өтеді. Маңызды жиынға екі елдің іскер топтары қатысады. Кипр кәсіпкерлерінің делегациясы осы форумға арнайы келді. Сол үшін құрметті Президент мырзаға зор ризашылығымды білдіремін. Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Кипр компанияларына қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайын. Біз Кипрдің іскер азаматтарын ұзақ мерзімге арналған инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырамыз. Жақында елімізде жаңа Конституция қабылданды. Ата заңға сәйкес Қазақстанда меншіктің барлық түріне кепілдік беріледі. Бас құжатымыз инвесторлардың құқығын барынша қорғайды. Бұған қоса, кипрлық әріптестеріміз Қазақстанның Altyn Visa бағдарламасын қолдана алады. Бұл визаны алған кәсіпкерлер мен мамандарға салық және көші-қон мәселесіне қатысты жеңілдіктер ұсынылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекеттер басшылары келіссөз барысында цифрлық технологиялар және инновациялар саласындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударды.

– Кипр тарапы Қазақстанның eGov жүйесіне және елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысты жобаларына қызығушылық танытып отыр. Біз бұл бағыттағы тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз. Сонымен қатар келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға айрықша көңіл бөлдік. Атап айтқанда, ғалымдар мен ғылыми мекемелер арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге, білім беру, спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Жалпы, бүгінгі келіссөздер табысты өтті деуге толық негіз бар. Біз өзара ықпалдастығымызға тың серпін беретін бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Бұл келісімдер екі мемлекеттің қарым-қатынасын күшейте түседі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында халықаралық және аймақтық мәселелер де назардан тыс қалмағанын айтты.

– Жаһандық геосаяси ахуалдың ушығуына, қақтығыстардың көбеюіне бәріміз алаңдап отырмыз. Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты мемлекеттеріміздің ұстанымы – ұқсас. Екі ел де кез келген шиеленіс бейбіт және дипломатиялық жолмен шешілуі керек деген қағидатты қатаң ұстанады. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, басқа да халықаралық ұйымдар аясында тиімді жұмыс істеуге келістік. Бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысамыз деп уағдаластық. Қазақстанның ұстанымы бойынша барлық елдер Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын, халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын қатаң сақтауға міндетті. Қазақстан басқа елдердің аумақтық тұтастығын құрметтейді және бүкіл әлем мемлекеттерін осы қағидатқа басымдық беруге шақыруда. Жалпы, екі елдің байланысын бекемдеу – халықтарымыздың ортақ мақсаты. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзара тиімді ынтымақтастығымыз жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Достығымыз әрдайым берік болсын! Қазақстан мен Кипрдің қарым-қатынасы нығая берсін! – деді Президент. 

Никос Христодулидистің айтуынша, бүгінгі келіссөздер барысында екі ел басшылары саяси және экономикалық салалардағы қарым-қатынасты одан әрі ілгерілету жолында саяси ерік-жігер танытатындарын растаған.

– Біз барлық деңгейде тұрақты байланыс орнатудың маңызын атап өттік. Өйткені орнықты саяси диалог – сенімді нығайту мен нақты нәтижеге қол жеткізудің негізгі факторы. Осы орайда жоғары білім, ғылыми зерттеу, мәдениет, спорт, инновация, цифрлық басқару және ақпараттық технология секілді маңызды салаларда өзара түсіністік туралы бірқатар меморандумға қол қойылғаны қуантады. Бұл келісімдер – жай ғана техникалық құжаттар емес, екіжақты байланыстардың әлеуетін құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан жандандыруды көздейтін ортақ шешіміміздің айқын дәлелі, – деді Кипр Президенті.