Президент бірқатар өңірде жаңа ЖЭО салуды және газдан қуат өндіруді жеделдетуді тапсырды

Президент бірқатар өңірде жаңа ЖЭО салуды және газдан қуат өндіруді жеделдетуді тапсырды
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтарының құрылысын тездетуді атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Оның қай-қайсысы да – маңызды жобалар. Бұл мәселе шешімін таппай, тым созбалаңға түсіп кеткенін мойындау керек. Ал жұртшылық оны асыға күтіп отыр. Мен Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының жұмысына сын-ескертпе айтамын», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Курчатовтағы электр станциясы мен Екібастұздағы 2-ГРЭС-тің қосымша энергоблоктарын уақтылы іске қосу, 3-ГРЭС-тің құрылысын бастау  қажеттілігін атап өтті.

«Энергетика жүйесінің орнықты болуын қамтамасыз ету үшін теңгерімді қуат көздерін тезірек іске қосу қажет. Бұл – ең алдымен газдан қуат өндіруге қатысты мәселе», - деді ол.

Мемлекет басшысын мәлімдеуінше жаңа кен орындарын іздеу арқылы табиғи газ өндіру ісінің әлеуетін арттыру керек.

«Өкінішке қарай, көгілдір отын өндірісі экономикамыздың күн өткен сайын өсіп бара жатқан сұранысын өтей алмай келеді. Былтырдың өзінде тауарлы газ импорты 18 пайызға өсіп, 4,5 миллиард текше метрге жетті. Соған қарамастан, жаңа газ кеніштерін ашу жұмыстары өте баяу жүріп жатыр», - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – тиімсіз жоспарлаудың тікелей салдары.

«Қазіргі ерекше жағдайда бұған мүлдем жол беруге болмайды», - деді ол.

Ол QazaqGaz басшылығына жеке қаражат есебінен және инвесторларды тарту арқылы болашағы зор учаскелерді игеруге кірісуді тапсырғанын жеткізді.

«Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірге геологиялық барлау жұмыстарын жандандырып, жаңа көмірсутегі кеніштерінің игерілуін қамтамасыз етуге тиіс. Газ өңдеуге қатысты ірі жобалардың дер кезінде іске қосылуын қатаң бақылауға алған жөн. Бізге құр ниетті ғана танытатын құжаттар емес, нақты нәтижелер керек», - деді Президент.