Мемлекет басшысы: Алатау ресурстарды үнемдеп қолдануда үлгі болуға тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Осы проблеманы шешу үшін «First fuel» тұжырымдамасына ерекше назар қажет деп санаймын.
Халықаралық энергетика агенттігі әзірлеген бұл тұжырымдама энергияның тиімділігі мен қуат үнемдеуді арттыру шараларын кеңінен енгізуді қарастырады. Үнемделген энергияның бағасы жаңадан өндірілетін электр энергиясының құнына қарағанда, тіпті өндірістің қолжетімді түрлерімен салыстырғанда 2-3 есе төмен болатыны есептелген. Бұл жерде міндетті түрде пайдалануға болатын үлкен әлеует жатыр», - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның қазіргі қуат шығыны ауқымы жағынан жекелеген өңірлер тұтынатын және өндіретін энергия көлеміне тең.
«Өнеркәсіп министрлігінің ақпараты бойынша, желілердегі электр энергиясының шығыны шамамен 10 пайызды құрайды, жылу энергиясының шығыны да 10 пайызға жуық. Мәселен, 2024 жылы электр энергиясының жалпы шығыны 9 миллиардтан аса киловатт сағатты құрады. Бұл бүкіл Атырау облысындағы тұтыну көлемінен артық.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ақпаратына сәйкес, еліміз – әлемде энергияны ең көп тұтынатын экономикалардың бірі. Салыстыру үшін айтар болсақ, Қазақстанның ІЖӨ-дегі энергия тұтынуы орташа әлемдік көрсеткіштен 2 есе жоғары, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері көрсеткіштерінен 3,5 есе артық.
Мойындауымыз керек, саладағы түйткіл көбінесе желілердің тозығы жеткенінде және электр энергиясын тасымалдаудағы ұзақ қашықтыққа ғана байланысты емес.Сонымен бірге энергия тұтынудағы мәдениетіміздің төмендігінде де болып отыр.
Бұл бағытта Үкімет, әкімдіктер, ұлттық компаниялар және қоғам белсенділері атқаратын жұмыс көп. Біз халыққа электр энергиясын үнемдеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет.
Алатау қаласы ресурстарды оңтайлы, үнемдеп қолдануда үлгі болуға тиіс», - Мемлекет басшысы.