Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Декларациясының қабылданғанына 35 жыл толуына орай Францияда салтанатты мәдени кеш өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара Елисей сарайы, Парламент, Еуропа және сыртқы істер министрлігі, Францияның бизнес және қоғамдық ортасы, дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ қазақ диаспорасын біріктірді.
Салтанатты кеш Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени диалогтың дамуына және шығармашылық байланыс орнатуға ықпал етті. Бағдарлама барысында Майра Мұхамедқызының орындауында және пианист Алияр Өтетілеудің сүйемелдеуімен екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Музыкалық кешке қазақстандық композиторлардың шығармаларын шебер орындаған Шымкент қаласының квартеті де қатысты.
Іс-шара барысында Франциядағы қазақ диаспорасының екі ел арасындағы гуманитарлық және мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызды рөлі атап өтілді. Ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақ-француз қауымдастығының төрағасы Режеп Гюнай II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
