Паразитпен зақымданған кәмпит: сот тұтынушы пайдасына шешім шығарды
Қостанай қалалық сотында азаматша Л.-ның ЖШС-ға моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сот анықтағанындай, өткен жылдың қыркүйек айында талапкер қаладағы супермаркеттердің бірінен кәмпит сатып алған. Келесі күні қаптаманы ашу кезінде ол өнімнің ішінде зиянкес жәндіктер бар екенін анықтаған.
Уәкілетті органға жүгінгеннен кейін аталған кәмпиттердің паразиттермен зақымданғаны расталды.
Талапкер өзіне келтірілген моральдық азапты, жиіркеніш пен уайым, сондай-ақ сапасыз тауар сатып алғаны үшін балаларының алдында өзін кінәлі сезінгенін көрсетіп, 2 000 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеуді сұрады.
Сот отырысында жауапкердің өкілі сапасыз тауардың сатылғанын мойындағанымен, денсаулыққа зиян келтірілгені туралы дәлелдердің жоқтығын көрсетіп, талап қою сомасымен келіспеді. Жауапкер 200 000 теңгені ерікті түрде төлеуге дайын екенін білдірді.
Заңның 21-бабына сәйкес, тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделері сатушының (дайындаушының, орындаушының) әрекеттерімен бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасына сәйкес моральдық зиянды өтеу сот тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.
Моральдық зиянды өтеу тауардың (жұмыстың, қызметтің) кемшіліктерінен келтірілген залалдың өтелуіне қарамастан жүзеге асырылады.
Іс материалдарына сүйене отырып, сот ЖШС-ның сапасыз тауарды сатқандағы кінәсін анықтады, бұл мән-жай жауапкер тарапынан да дау туғызған жоқ.
Денсаулыққа зиян келтірілмегенін, жауапкердің кешірім сұрағанын және талапкердің шығындарының ерікті түрде өтелгенін ескере отырып, сот моральдық зиян өтемақысының мөлшерін 2 000 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін төмендетуді орынды деп тапты.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.