Otyrar және Griffin коллекциялық монеталары айналысқа шығады
Ұлттық банк «Қазақстанды монеталар арқылы зертте» сериясынан OTYRAR және «Көшпенділердің аңыздары мен мифтері» сериясы аясында GRIFFIN коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Монеталар 2026 жылғы 8 қаңтардан бастап ҚҰБ интернет дүкені арқылы сатылады.
OTYRAR коллекциялық монеталары туралы
Отырар – Қазақстан тарихындағы бірегей археологиялық ескерткіш, Орталық Азияның ежелгі қалаларының бірі, Сырдария өзенінің аңғарында орналасқан Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда-қолөнер және мәдени орталығы. Қала керуен саудасының, ғылым мен білімнің маңызды орталығы – философ Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері ретінде танымал.
Монетада көркемделген қалқан мен ежелгі Отырар қаласының көрінісі бейнеленген. Монетаның үстіңгі жағында қаланың бекініс қақпасы, қабырғалары мен мұнаралары орналасқан.
Монета алтын жалату технологиясын қолдана отырып, 925 сынамалы күмістен дайындалған. Монетаның массасы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм, сапасы – рrооf, номиналы – 1 000 теңге, таралымы – 2 000 (екі мың) дана.

GRIFFIN коллекциялық монеталары туралы
Еуразияның көшпелі халқында грифон денесі арыстан, басы бүркіт бейнесіндегі мифологиялық қанатты тіршілік иесі ретінде көрініс тауып, аспан мен жер күшінің үйлесімін білдірген. Аңызға айналған мифологиялық жануар жасырылған қазына сақшысы және әскери ерліктің, билік пен күн энергиясының белгісі болған. Грифон көшпенділердің «аң стилінде» – алтын, қару-жарақ, ат әбзелдері мен салт-жоралық әшекейлерінде көрініс тауып, тотемдік мәнге ие болған.
Монетада ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген таулардың үстінде қалықтап тұрған грифон бейнеленген. Артқы жағында тау шыңдары трафарет техникасымен безендірілген.
Монеталар алтын жалату технологиясын қолдана отырып, 925 сынамалы күмістен дайындалған. Монетаның массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, сапасы – рrооf, номиналы – 1 000 теңге, таралымы – 2 000 (екі мың) дана.