«Отаншыл азаматтар ел көшін алға бастайды»: Тимур Спатаев Президент сөзіне үн қосты
Белгілі спортшы, қолкүрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, күш экстримі бойынша бірнеше дүркін рекорд иесі, «Толағай» алыптар сайысы жобасының авторы Тимур Спатаев Президенттің Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтау сөзіне пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы ретінде жариялап, өткен жыл бойы еңбек адамдарына ерекше назар аударылып, барынша дәріптелді. Енді 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Биылғы Жаңа жылға арналған құттықтауында Мемлекет басшысы еліміздің әр жетістікке жұртымыздың ерен еңбегінің арқасында жеткенін, азаматтарымыздың білім, ғылым, мәдениет салаларында биік белестерді бағындырғанын, олар халқымызды рухы асқақ, зияткер ұлт ретінде танытуға зор үлес қосқанын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы адал еңбектің қадірін білетін ұлттың келешегі де жарқын болатынын, өз кәсібінің нағыз маманы болған отаншыл азаматтар еліміздің көшін алға бастайтынын, осылайша, ХХІ ғасырдың бірінші ширегін абыроймен аяқтағанымызды айтты. Жаңа жылды әдеттегідей Президенттің құттықтауымен қарсы алдық. Мемлекет басшысының идеологиясы бізге шабыт, күш-қуат береді», - деді Тимур Спатаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтауында халқымыз жылқы жылын жайлылыққа ырымдайтынын айтқан еді.