Мұхит Асанов: Сенім экономикасы – Қазақстанның орнықты дамуының негізгі факторы

Мұхит Асанов: Сенім экономикасы – Қазақстанның орнықты дамуының негізгі факторы
Фото: Мұхит Асановтың жеке мұрағатынан

Кәсіпкер, Asem химиялық зауыты мен Asem Medical клиникалар желісінің негізін салушы Мұхит Асанов Қазақстан үшін жаңа экономикалық кезеңнің басты тірегі институционалдық сенім екенін мәлімдеді. Elordainfo.kz кәсіпкердің «Сенім экономикасы: Қазақстан жаңа шындық қарсаңында» мақаласының толық нұсқасын ұсынады.​​​​​​​

XXI ғасырда елдің басты ресурсы – табиғи байлық та, технология да емес. Негізгі ресурс – сенім. Инвестиция ағыны, кәсіпкерлік белсенділік, тұтынушылық таңдау – бәрі институционалдық сенім деңгейіне тәуелді.

Еліміздегі ЖІӨ 6%-дан жоғары өсіп отыр, шағын және орта бизнес үлесі 40%, мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы цифрлық форматта. Бұл құрылымдық әлеуеттің бар екенін көрсетеді.

Алайда макроэкономикалық динамика өздігінен орнықтылықты қамтамасыз етпейді. Егер оның негізінде сенім болмаса, өсім жылдам, бірақ тұрақсыз болмақ. Сандық нәтижелер институционалдық сапамен бекітілгенде ғана ұзақ мерзімді әсер береді.

Әйгілі саясаттанушы Фрэнсис Фукуяма сенімді транзакциялық шығындарды төмендететін және инвестицияларды ынталандыратын әлеуметтік ізгілік ретінде сипаттайды. Сенім бар жерде келісім құны төмендейді, тәуекел азаяды, ал инвестициялық көкжиек ұзарады. Мемлекет, бизнес және қоғам арасында сенім қалыптасқанда, экономика тиімдірек жұмыс істейді.

Бизнестің мемлекетке сенімі

Кәсіпкер ұзақ мерзімді тұрақтылыққа сүйенеді. Өндіріс пен технологияға инвестиция салу үшін болжамды және өзгермейтін ережелер қажет. Нормативтік орта тұрақсыз болса, бизнес қорғаныс стратегиясына көшіп, ұзақ мерзімді салымдарды қысқартады.

Бұл тұрғыда «реттеуші гильотина» тәжірибесі тиімді. Мәселен, Ресей 12 мыңнан астам ескірген актіні жойса, Вьетнам мен Хорватия талаптардың жартысынан көбін қысқартты. Нәтижесінде инвестициялық белсенділік артты. Ал корпоративтік деңгейде сенімнің құндылығын Toyota тәжірибесі көрсетті. Сапа мен үздіксіз жетілдіру философиясы компания беделін ұзақ мерзімді капиталға айналдырды.

Тұтынушының отандық компанияларға сенімі

Ішкі нарықтың беріктігі тұтынушы сеніміне байланысты. Адамдар  отандық өнімді сапасына сеніп таңдауы тиіс. IKEA ашық стандарттар арқылы сенім қалыптастырса, Samsung инновация арқылы технологиялық беделін нығайтты.

Біз үшін бұл сапа мәдениетін институционалдандыру деген сөз: халықаралық стандарттар, сертификаттау жүйесі, өнімнің шығу тегінің ашықтығы және ұлттық бренд саясаты.

Орталық пен өңірлер арасындағы сенім

Өсім тек ірі орталықтарда шоғырланса, оның орнықтылығы әлсірейді. Өңірлік бизнес те ресурстарға, қаржыландыруға және инфрақұрылымға тең қолжетімділікті сезінуі керек. Экономикалық өкілеттіктерді кеңейту, шағын өнеркәсіп аймақтарын дамыту, бюджеттік ашықтық және инфрақұрылымдық теңгерім аумақтық сенімнің негізі бола алады.

Сенім декларативті немесе жалаң ұғым емес. Ол ұзақ мерзімді инвестициялар көлемінде, қайталама капитал салымында, сот жүйесіне сенім деңгейінде және ұлттық брендке адалдықта көрініс табады. Сондықтан мемлекет қағидалар тұрақтылығының кепілі болуы тиіс. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторлар мен кәсіпкерлер құқығын қорғау мемлекеттік саясаттың басымдығы екенін атап өтті. Демек, институционалдық қорғаныс – сенімнің басты шарты.

Түптеп келгенде, сенім экономикасы – абстракция емес, орнықты дамудың практикалық моделі. Ол ашық ережелерге, болжамды саясатқа және мемлекет пен бизнестің серіктестігіне негізделеді. Мемлекетіміз үшін басты міндет – ағымдағы өсімді институционалдық сапамен бекіту. Сенім жоқ жерде капитал келіп-кетеді, сенім бар жерде ол орнығып, көбейеді.  

Мұхит Асанов, Asem химиялық зауыты,

Asem Medical клиникалар желісінің негізін салушы