Мұғалімдердің жалақысы өсіп, жүктемесі азайды – вице-министр
Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова орта білім беру саласындағы басты өзгерістер жайлы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Мәселен, мұғалімдер жүктемесінің азаюы және әкімшілік рәсімдердің қысқаруы олардың кәсіби қызметіне шынайы көңіл бөлуіне мүмкіндік берген. Сонымен қатар, педагог кадрлардың сапалық құрамы да нығайып, магистр дәрежесі бар мамандардың үлесі тұрақты өсім көрсетуде (11%).
«Әлеуметтік қолдау шаралары да нақты нәтижелер берді. Соңғы жылдары мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есеге ұлғайып, мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің еңбекақысы 30 %-ға өсті. Қосымша төлемдердің енгізілуі және еңбек демалысының 56 күнге ұзартылуы педагогтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін күшейтіп, мамандықтың тартымдылығын арттырды. Соның нәтижесінде қазақстандық педагогтардың 95%-ы өз кәсібіне қанағаттанатынын білдіріп, педагог еңбегінің қоғам тарапынан лайықты бағаланатынын атап өтуде», - деді спикер.
Қалыптасқан оң динамиканы ескере отырып, жүргізіліп отырған реформалар мазмұндық тұрғыдан жаңа кезеңге өтуде. Осы ретте педагогтерді аттестаттау жүйесін түбегейлі жетілдіру мәселесі айрықша стратегиялық мәнге ие болып отыр. Себебі бұл тетік әрбір педагогтың кәсіби қызметіне тікелей ықпал етеді және білім беру сапасына әсер ететін маңызды құрал. Кәсіби ортада бұл өзгерістерге қатысты түрлі пікірлердің болуы заңды және үдерістің ашықтығын көрсетеді.
Еске салсақ, мектептерде оқушылардың кітап оқуын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар басталды.