Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің жаңа құрамдағы алғашқы отырысы өтті

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің жаңа құрамдағы алғашқы отырысы өтті
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы алғашқы отырысын өткізді. Кеңес құрамына Парламент депутаттары, заңгерлер, ғалымдар, қоғамдық белсенділер мен медиа-менеджерлер енген, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыста Қоғамдық кеңестің құрылымдық және ұйымдастырушылық мәселелері қаралып, күн тәртібіндегі сұрақтар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет пен басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобалар туралы баяндады. Агенттік төрағасы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңыздылығына тоқталып, шешім қабылдау барысында азаматтардың пікірін ескеру қажеттігін атап өтті. Қоғаммен ашық диалог орнату – мемлекеттік органдардың негізгі міндеттінің бірі.

Сондай-ақ, соңғы төрт жылда мемлекеттік қызмет саласында іске асырылған реформалардың нәтижесі ұсынылды. Атап айтқанда, мемлекеттік грант негізінде оқу орнын үздік аяқтаған түлектерді аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау тетігі енгізілді. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қызмет алушылардың құқығын проактивті түрде қашықтан мониторингтеу жүйесі іске қосылды.

Іріктеу және қабылдау үдерістерін толық цифрландыру аясында «Е-Қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі жаңғыртылды. Бұл бастамалар қоғам тарапынан оң бағаланып отыр. Агенттік төрағасы былтыр ведомствоға берілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру және үйлестіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы функциялардың орындалуына да тоқталды. Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасады.

Дархан Жазықбай алдағы кезеңде Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

«Біздің мақсатымыз – халыққа ашық, адал қызмет көрсететін, бюрократиядан арылған сервистік мемлекеттік аппарат қалыптастыру», – деді ол.

Қазіргі уақытта Парламентте «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты заң жобалары қаралып жатыр. Аталған құжат қабылданғаннан кейін мемлекеттік қызмет саласында шамамен 50, ал сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында 20–30-ға жуық заңға тәуелді актілер әзірленеді. Осыған байланысты Қоғамдық кеңес мүшелеріне аталған нормативтік құқықтық актілерді қарау жұмыстарына белсенді қатысу міндеті жүктеледі.

Отырыс қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес төрағасы әріптестерін заңда белгіленген өкілеттік шеңберінде уәкілетті органның бастамалары мен жобаларын ілгерілетуге шақырды. Жиын соңында кеңес мүшелері өз ұсынысы мен пікірін білдіріп, қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.