Мемлекет басшысы Қазақстанның Вице-президенті лауазымын енгізуді ұсынды

Мемлекет басшысы Қазақстанның Вице-президенті лауазымын енгізуді ұсынды
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қазақстан Республикасының Вице-президенті лауазымын енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Мемлекет басшысы жиында ауқымды конституциялық реформалардың нәтижесіне тоқталды.

«Әр нәрсенің өз уақыты бар» деп халқымыз бекер айтпаған. Ұлттық құрылтайдың бүгінгі қорытынды отырысында да осындай сәт туып тұр деп санаймын. Сол себепті жаңадан маңызды ұсыныс айтқым келеді. Мен ұсынатын жаңашылдықты біз бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні деуге болады. Әңгіме Қазақстан Республикасының Вице-президенті институтын құру, тиісінше оны Конституцияда бекіту туралы болып отыр. Вице-президентті Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Оның құзырет аясын Мемлекет басшысы өзі белгілейді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:

– Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;

– Парламентте Президенттің атынан өкілдік етеді;

– Еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады;

– Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайды.

«Вице-президенттің қызметтік міндеттеріне қатысты осы негізгі ережелерді де Конституция мәтінінде көрсеткен жөн болар еді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Оның айтуынша, қазіргі Парламенттің қызметін қамтамасыз етіп отырған аппараттық құрылымның бір бөлігі және Мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады. Президент Әкімшілігінің міндеттері мен құрылымы іс жүзіндегі қажеттілікке сәйкес реформаланады.

«Сіздер Вице-президент лауазымы бірқатар мемлекетте бар екенін білетін шығарсыздар. Біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді. Осы конституциялық жаңашылдық Президент билігі институтының өзі әлсірейді дегенді білдірмейтінін атап өткім келеді. Керісінше, Президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты лауазым болып қала береді. Қазақстанның Президенттік республика ретінде табысты дами беретініне сенімдімін. Өзінің тиімділігін көрсеткен осы саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Халықаралық тәжірибе дәл осы таңдаудың дұрыс екенін айқын көрсетіп отыр. Мен ұсынған мемлекеттік билік реформалары, атап айтқанда, бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу, Халық Кеңесін құру, Вице-президент лауазымын енгізу еліміздің дамуына зор серпін береді, оның әлеуетін арттыра түседі деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.