Креативті индустрия секілді жаңа секторларды дамыту арқылы экономиканың көкжиегі кеңейеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мұны барлық шетелдік бақылаушы мен маман мойындап отыр. Креативті индустрия секілді жаңа секторларды дамыту арқылы экономиканың көкжиегі кеңейеді. Халықаралық қаржы институттарының есебіне сәйкес, аталған сегмент әлем бойынша жыл сайын 2 триллион доллардан аса табыс әкеле алады, сондай-ақ 50 миллионнан астам жұмыс орнын ашуға қауқарлы. Бірқатар дамыған елде, мәселен, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Корея Республикасында креативті индустрия ішкі жалпы өнімнің 2-ден 7 пайызға дейінгі көлемін қалыптастырады. Сарапшылардың бағалауынша, креативті индустрияға салынған әр доллар қосылған құнның 2,5 долларын құрайды. Қазақстанда креативті индустрияны өркендетуге айтарлықтай әлеует бар. Біздің жастарымыз өте шығармашыл, олардың мінезі де, менталитеті де соған сай келеді. Алайда еліміздің ішкі жалпы өніміндегі бұл сектордың үлесі 1 пайыз ғана», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Президенттің «Бәйтерек» холдингі арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көлемі биыл екі триллион теңгеге жеткенін айтқанын жаздық.