Мароккоға мінез жетіспеді
Elordainfo.kz сайтының футбол шолушысы Несіп Жүнісбайұлы әлем чемпионатының ширек финалында кездескен Франция мен Марокко матчына шолу жасады.
Американың Бостон қаласындағы «ДЖИЛЕТ СТЭДИУМ» атты спорт құрылысын көруге көз керек! Бостоннан оңтүстік-батысқа қарай 40 шақырымдай жерде орналасқан бұл стадионға 66 мың жанкүйер сияды!
Бостонға табан тиген бетте ертең өтетін Франция-Марокко ойынын күтпей, жер түбіндегі стадионға бір барып қайттық. Стадион өзінің еңселі ерекше архитектурасымен шалқамыздан түсірді. Арқан жетпес қазан шұңқыр қазып, соған айнала жанкүйер отыратын орындықтарды шаптап қойғандай, стадион көрген бетте жүрегіңе жата қалады. Өзі судай жаңа. Осы ғасырдың пердесі түрілгенде алғашқы тасы қаланған стадион 2002 жылы сақадай сай болып, өздері арнап салған «Нью-Ингленд Пэтриотс» командасының алғашқы шайқасына гладиаторлар алаңы боп шыға келген! Бұл «...Пэтртотыңыз» Америка футболынан елдің 6 дүркін чемпионы! Спорттан басқа мұнда концерттер өтіп тұрады. Әрине, басында Америка футболына лайықталған стадион үлкен футболдан әлем чемпионатының ойындары өтетін болғасын жасанды жасыл алаңы көгалға алмастырылып, 2023 жылы стадионның екі қапталына бүкіл әлем стадиондарындағы ең үлкен екі видео-экрандар қойылды. Өзіңіз ойлап көріңіз: әрбір экранның көлемі 2000 шаршы метрден!
...Ойыннан бір күн бұрын бардым дедім ғой, Марокко командасы жеңіл жаттығуын өткізген соң оларды сіресе күтіп тұрған отандас жанкүйерлеріне бір-екеуі келіп, тілдесіп, суретке түсуге уәде берген екен. Ешқайсысы келмеді. Осыдан-ақ олардың ертеңгі ойыннан басқа ойлағаны жоқтығы білінді. Мен олардың біреуінің де келмейтінін білгенмін. Ертең ойын болады деген күннің таңы мен кешінде команда басшылары ойыншыларының айналасынан тышқан да жорғалатпайды! Суретте жанымда тұрған Яхия есімді жігітпен біраз сөйлесіп, шер тарқаттым.
Өзі почта қызметкері екен, екі баласын алып келіпті. Екеуінің де футбол жейдесінде Хакими деген жазу.
«Мароккода Хакими құдірет», - деді Яхия. «Хакимиді айтпай бізде таң да атпайды, кеш те батпайды!».
Риза болдым. Елдің, ұлттың атын шығарған қыз-жігіттерді жұртқа үлгі етіп көтере алу қандай ғанибет! «Шіркін, біз де Дастан Сәтбаевымызды бірер жылдан соң футболшы боламын деген бүкіл қазақ балаларының жүрегіне тура солай жаза алсақ қой!» деп лүп етті шыңыраудағы ой-қиялым.
Марокко ойынға шешініп кірісе алмады. Бірден олардың «сен тимесең мен тимені» байқалып қалды. Франция командасы «сендерді қалай да алып жеймізі» көрер көзге байқалып тұрса, Марокканың «Бірдемесі болары...» мен «Ары тарт-бері тартпен» тең ойынға жетіп алсақ, 11 метрлік «өмір мен өлімде» кім біледісі... екі тайм бойы білініп тұрды. Тіпті есеп 1:0, онан соң 2:0 болғанда да «аянатын ештеме қалған жоғы» көрінбеді. Сол екі тайм бойы қалай ойнаса, асықпай-саспай сол қимылдарын қайталай берді.
Мароккоға кешегі Египет, өткендегі Кабо-Верде мен Конгодағы мінез жетіспеді. Бір жарым сағат емес, бас-аяғы екі сағатқа созылған бұл ойынды терең талдайтын жаста емеспін. Әркім-ақ өз қорытындысын жасай жатар, Францияның Мароккодан екі елі жоғары команда екені елге аян, бірақ менің қабырғама Марокконың «...қолында өлемін» деп мінез көрсетпегені ғана батты.
Францияның бүкіл ойынын Олисе жасап берді. Мбаппе мен Дембеле тек дайын допты торға тоғытып, ойынның соңғы мөрін басатын шешуші кейіпкерлер екенін дәлелдеді. Мароккоға мінез жетіспеді...
...Ертең, құдай қуат берсе, Майамиге ұшамын. ФИФА сақалымды сыйлады ма, Майамидегі Англия-Норвегия ойынына да билет бөліпті Жүнісбайұлына. Ол да адам тап басып айта алмас қырғын ойын болады. Кірге салсаң Норвегияны екі есе басып кететін ағылшындарға оңай жеңіс беріп отырған мен жоқ. Холандтай бір ұл ту да футбол тағдырын соған сеніп тапсыра сал! Ол ақсары алып ұл командасын небір зарқом соғыстан жалғыз өзі-ақ алып шыға алады! Мұндайда Олимпиада кезінде 100 ел болып жалғыз американдық жүзгіш Майкл Фелпстің 23 алтын медаліне жете алмай жүргеніміз еске түседі. Ол рас, ел болу көпшіліктен, ал, ер болу жалғыздан екені жалған ба?! Жоқ, жалған емес!
АҚШ, Бостон қаласы