Креативті индустрияларды дамыту қоры мен MOST Holding ұзақмерзімді ынтымақтастықты бастады
«Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры MOST Holding-пен Қазақстандағы креативті экономика, инновациялық кәсіпкерлік және стартап-экожүйені дамыту бағытында алғашқы меморандумына қол қойып, стратегиялық ынтымақтастықты бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Құжатқа «Креативті индустрияларды дамыту қоры» Басқарушы кеңесінің төрағасы Ерлан Каналимов пен MOST Holding бас директоры Павел Коктышев қол қойды.

Меморандум креативті индустриялар, технологиялық стартаптар және инновациялық жобаларды қолдау бағытындағы ұзақмерзімді әріптестікті көздейді. Тараптар бірлескен білім беру және акселерациялық бағдарламаларды іске асыруды, салалық іс-шаралар өткізуді, сараптамалық өзара іс-қимылды дамытуды және креативті әрі технологиялық сектордағы кәсіпкерлерді қолдауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, отандық креативті жобалардың инвестициялық тартымдылығы мен экспорттық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылады. Басым бағыттардың қатарында кәсіпкерлерге консультациялық қолдау көрсету, инвестиция тарту тетіктерін дамыту, инновациялық шешімдерді ілгерілету, бірлескен сарапшылық топтар құру және креативті индустрияларды қолдау шараларын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу бар.