Кооперативтер ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырады – Президент

5 қаңтар, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Кооперативтер ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырады – Президент
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетінің бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына  берген сұхбатында ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне тоқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мемлекеттердің көбі ауыл шаруа­шы­лығына бюджеттен қыруар қаржы бө­леді. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Шаруаларға 2024 жылы 580 мил­лиард теңге, былтыр 1 триллион теңге жеңіл­детілген несие берілді. Бұл – өте қо­­мақ­ты қаржы. Соңғы он жылда шаруа­­ларға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артты, бірақ оның тиім­ді­лігі күмән тудырады. 2015-2024 жыл­дары ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өсті. Бұл көр­сеткішті одан да көбейтуге болар еді.  
Есесіне, егін шаруашылығындағы нә­ти­желер өте жақсы болды. Астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетті, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейе түсті. Бұл – егіннің шығым­ды­лы­ғы мен ауыл шаруашылығы өндірі­сінің тиімділігін арттыруға арналған шаралардың нақты нәтижесі», - деді Президент. 

Мемлекет басшысы енді басқа бағыттардағы жұмысты кү­шейту қажеттігін айтты.

«Ең алдымен, мал шаруа­шылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тон­наға дейін артады. Қазақстанның, сырт­қа, әсіресе, Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүм­кін­дігі бар. Сондықтан, былтыр қарашада өт­кен Ауыл шаруашылығы еңбеккер­лері­нің екінші форумы дәл осы мал шаруашылығы саласына арналды. 
Билік ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамыту үшін көп жұмыс істеп жа­тыр. Бірақ, қомақты инвестиция құю қа­лаған нәтижеге жеткізе бермейді. Оның тиімді жұмсалуына баса назар ау­дару керек. Мен бұл туралы жуырда Тараз­ға барған сапарымда айттым. 
Іргелес елдердің бірде-біреуінде ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан мұндай ауқымды көмек көрсетілмейді. 
Ол жақтағы шаруалар Қазақстандағы әріп­тестеріне жақсы жағдай жасал­ға­нына таңғалып, оларды «аграрлық оли­гархтар» деп атай бастады. Дегенмен, елі­міздегі шағын шаруашылықтар жет­кі­лікті көлемде субсидия ала алмай отыр. Үкіметке осы мәселеге айрықша на­зар аудару туралы тапсырма берілді.   
Әлбетте, субсидиялар керек. Әсіресе, қа­зіргі кезеңде өте қажет. Бірақ, мұның кері әсері де бар. Себебі, масылдық пи­ғыл туғызып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бір­лестігін құруға қайта оралу мәселесін қа­растырып жатыр. Кооперативтер ең­бек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ, дайын өнімді сататын на­рықтарға жақын болуға, тұтыну­шы­лар­мен ұзақ мерзімге арналған қатым-қа­ты­нас орнатуға жол ашады. 
Дамыған елдердегі кооперация жақ­сы қырынан көрінді. Тіпті, ірі кор­пора­ция деңгейіне жеткен бірлестіктер бар. Қа­зақстанның барлық ауылында та­быс­ты кооперация құруға негіз болатын ал­ғышарттар жеткілікті. Шаруалар жаз­да малын бағып, сүт, ет, тері, жүн жинап, оны өңдеу үшін күш біріктіре алады. Со­лай етуге тиіс те. Күнкөрістен өсіп-өр­кендеуге бастайтын жол – осы. Коопера­цияны бірлік пен жасампаздық идео­логиясы деп те қарастырған дұрыс.
Бірақ, кооперация өзінен өзі пайда бо­ла салмайды. Ел ішінде егжей-тегжейлі тү­сіндіру және ұйымдастыру жұмыс­тарын қолға алу қажет. Алайда, бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді», - деді ол.

Еске салайық, бұдан бұрын Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты көлемді сұхбаты жарияланғаны туралы жаздық.