Кез келген адамға чектерді сканерлеп, сыйақы алуға мүмкіндік беретін «Salyq кешбэк» жобасы ұзартылды

7 қаңтар, 2026
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Кез келген адамға чектерді сканерлеп, сыйақы алуға мүмкіндік беретін «Salyq кешбэк» жобасы ұзартылды
Фото: freepik.com

Мемлекеттік кірістер комитеті «Salyq кешбэк» пилоттық жобасын 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзартылатыны туралы хабарлайды. Жоба микро және шағын бизнес субъектілері берген бақылау-касса машиналарының фискалдық чектері бойынша сыйақы төлеуге бағытталған, деп хабарлады Elordainfo.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап. 

2025 жылы «Salyq кешбэк» жобасы оң нәтиже көрсетті, сканерленген чектер саны 26%-ға өсті, ал олардың жалпы сомасы өткен жылмен салыстырғанда 32%-ға өсті. Жоба 12 облыстың 48 ауданында: Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Жетісу және Ұлытау облыстарында іске асырылды.

Анықтама үшін: 2025 жылы жалпы сомасы 7,6 млрд теңгеге 573 937 чек сканерленді. Есептелген кешбэк сомасы 152 млн теңгені құрады.

«Salyq кешбэк» жобасына кез келген адам қатыса алады. Ол үшін тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу кезінде (қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз тәсілмен де) фискалдық чек алу, Amian арнайы мобильді қосымшасындағы чектен штрих-кодты сканерлеу және сатып алу сомасының 2% мөлшерінде сыйақы алу қажет.

Сыйақылар «IT Analytics» ЖШС операторы арқылы Amian мобильді қосымшасын пайдалана отырып есептеледі.

 Amian қосымшасын App Store және Google Play-да тегін жүктеуге болады.

Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды тұтынушылық құқықтарын қорғау мақсатында бақылау-кассалық машиналардың чектерін талап етуге шақырады.