Кәсіпкерлерге ескерту: Бақылау-касса машиналарын қолдану міндетті
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерге салық заңнамасының бақылау-касса машиналарын (БКМ) қолдану бөлігіндегі талаптарын сақтау қажеттігін еске салады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес кәсіпкерлік субъектілері тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер үшін ақшалай есеп айырысуларды жүзеге асыру кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдануға міндетті.
Заманауи БКМ-ді пайдалану операциялар есебін автоматтандыруға, фискалдық чекті беру арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар заңнамаға сәйкес БКМ қолдану міндетінен жекелеген санаттағы тұлғалар босатылған. Олардың қатарына адвокаттар, жеке сот орындаушылары, кәсіби медиаторлар, діни бірлестіктер, екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, сондай-ақ есеп айырысуларды жүргізуге арналған арнайы мобильді қосымшаны пайдаланушылар жатады.
Телекоммуникациялық инфрақұрылымы шектеулі елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерге ерекше назар аударылады. Мұндай жағдайларда деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машиналарын пайдалануға рұқсат етіледі, бұл тұрақты байланыс болмаған жағдайда да кәсіпкерлік қызметті жүргізуге мүмкіндік береді.
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерді салық заңнамасының талаптарын сақтауға шақырады.
Сатып алушының фискалдық чекті алуы жүргізілген операцияның заңдылығын растайды, ашық салық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың маңызды құралдарының бірі болып табылады.
Еске сала кетейік, кәсіпкерлер таңбалау шығындарына 50% қосымша шегерім алады.