«Ғаламдық трендтен қалуға хақымыз жоқ»: Дулат Тастекей Президенттің Жаңа жылмен құттықтауына пікір білдірді
Белгілі кәсіпкер, меценат, TAS GROUP негізін қалаушы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Дулат Тастекей Мемлекет басшысының Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтау сөзіне пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтауында 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған еді.
«Әрине, жасанды инттелект қазіргі уақытта қажеттіліктің біріне айналып келеді. Осыған байланысты елімізде жаңа министрлік те ашылды. Кейбір ел осы бағытта қарыштап дамып жатқан кезде бұл ғаламдық трендтен қалып қоюға біздің де хақымыз жоқ. Еліміздегі әр кәсіпорынға, әр мекемеге, әр компанияға бұл заманауи құралды дұрыс қолданып, дұрыс енгізіп, жемісін көру керек деп ойлаймын. Біздің компаниямызда да жасанды интеллектпен айналысатын арнайы ІТ қызметкерлерінің бөлімі бар. Биыл жасанды интеллект арқылы бизнестің алатын пайдасын өсіреміз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, әр қызметкердің күнделікті жеке жұмысында бәрін жан-жақты білетін AI агенттік көмекшісі болғаны дұрыс», - деді Дулат Тастекей Elordainfo.kz тілшісіне.
Президенттің Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтауының толық мәтінін осы жерден оқи аласыз.