Елордада жаңа Салық кодексі аясында салықтық әкімшілендіру мәселелері талқыланды

Бүгін, 13:02
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада жаңа Салық кодексі аясында салықтық әкімшілендіру мәселелері талқыланды
Фото: Нұркен Мерғалиев

Астанада «Жаңа Салық кодексіне сәйкес салықтық әкімшілендіру» атты конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Іс-шараны «Жаңа Қазақстан» салық төлеушілер қауымдастығы, ҚР Қаржы министрлігі және Мемлекеттік кірістер комитеті бірлесіп ұйымдастырды.

Жиында жаңа Салық кодексінің ережелері, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру жолдары, сондай-ақ бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды арттыру мәселелері талқыланды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев салықтық әкімшілендіру аясында азаматтардан түскен өтініштер үнемі бақылауда екенін атап өтті.

«Бізде колл-орталықтар, қолдау қызметтері және т.б. бар. Қойылатын негізгі сұрақтар жергілікті салықтарға қатысты. Атап айтқанда, олар – жергілікті салықтар, берешек, шоттарды бұғаттау және ақпараттық жүйелерге қатысты сұрақтар. Біз ол бойынша да жұмыстар жүргіземіз. Мемлекеттік кірістер комитеті былтырдан бастап ақпараттық жүйені толық жаңартып, жаңа жүйелерді енгізуде. Осыған байланысты техникалық қиындықтар туындап жатыр, сондай-ақ бизнес өкілдері де жаңа жүйеге үйрену кезеңінен өтуде, сондықтан сұрақтар мен өтініштер саны көп. Қазір өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін салық алынып тасталды. Статистикаға қарасақ, 300 мыңнан астам жеке тұлға өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркеліп, өз бизнесін заңдастырды. Салық мөлшерлемесі — 0%, тек 4% әлеуметтік төлемдер бар, олар денсаулық, зейнетақы жинақтары және т.б. үшін төленеді», - деді Жандос Дүйсембиев.

Биылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Онда негізінен микро және шағын бизнеске, сондай-ақ орта және ірі бизнеске қатысты мәселелер қарастырылған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің Қашықтан мониторингтеу басқармасының басшысы Бектас Әділғалиев айтты.

«Ерекше назар сервистік модельге аударылады. Бұл дегеніміз — салық төлеушілерге қатысты қандай да бір шара қолданбас бұрын, міндетті түрде түсіндіру жұмысын жүргізуіміз қажет. 2025 жылы болған түрлі түсінбеушіліктер жаңа кодексте ескерілді. Салықтық әкімшілендірудің барлық түрі жеке-жеке бөлімдерге бөлінді. Соның нәтижесінде биылдан бастап салық даулары азаяды деп күтіліп отыр. Сонымен қатар жаңа кодекс әкімшілендіру саласындағы барлық әрекетті барынша цифрландыруды міндеттейді. Бұл өз кезегінде адами факторды барынша азайтуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Мемлекеттік кірістер комитеті Өтпелі мониторинг басқармасының басшысы Сағадат Сақауовтың айтуынша, жаңа Салық кодексіне сәйкес ақпараттық жүйелерді сәйкестендіру жүргізіліп жатыр.

«Соның ішінде электрондық шот-фактуралар жүйесіне де өзгерістер енгізілді. Жаңа кодекс аясында үш жаңа функция іске қосылды. Бұл жаңалықтардың барлығы салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін жасалған. Сондай-ақ бұл функциялар салық төлеушілердің ұсыныстары негізінде жеңілдету мақсатында енгізілді», - деді ол.

Айта кетейік, конференцияға салық төлеушілер мен кәсіпкерлер қатысып, олармен ашық форматта сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылды.