Елордада күрестен әлем чемпионаты өтеді

Елордада күрестен әлем чемпионаты өтеді
Фото: Қазақстан күрес федерациясы

Қазақстан тағы бір спорт түрінен әлем чемпионатын қабылдайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Олимпиада бағдарламасына енген күрес түрлерінен әлем чемпионатын елімізде өткізу туралы шешімді халықаралық Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымы қабылдады. UWW өкілдері Қазақстанға бірнеше мәрте арнайы келіп, елдегі спорт инфрақұрылымының халықаралық талаптарға сәйкестігін, ірі спорт жарыстарын ұйымдастыру тәжірибесін және дайындық деңгейін жан-жақты бағалады. Нәтижесінде ұйым Қазақстанның әлемдік деңгейдегі жарысты жоғары деңгейде өткізу мүмкіндігіне көз жеткізіп, әлем чемпионатын қабылдау құқығын сеніп тапсырды.

Сондай-ақ былтыр Біріккен күрес әлемі халықаралық федерациясының президенті Ненад Лалович Қазақстанға ресми сапармен келіп, елордадағы спорт нысандарын аралаған еді. Сапар барысында ол Астанадағы спорт кешендерінің халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды өткізуге толық әлеуеті бар екенін атап өткен-ді.

Әлемдік деңгейдегі беделді дода 24 қазан мен 1 қараша аралығында ұйымдастырылады. Жаһанның үздік палуандары бас қосатын байрақты бәсеке елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді.