Елорда мектептері мен балабақшаларында «Анаға арнау» мерекелік хор челленджі өтті
Бүгін елорданың барлық мектептері мен балабақшаларында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай бір мезгілде мерекелік хор орындалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған іс-шараға астаналық мектептердің 6-7 сынып оқушылары және балабақша бүлдіршіндері асталысты.

«Челлендж өскелең ұрпақтың бойында анаға деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін арттыру, эстетикалық тәрбие беру және хор өнері арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатын көздейді. Бүгін барлық қалалық білім беру ұйымдарындағыдай №116 мектеп те хор челленджін таңертеңгі сағат 10.00-де бастады. Биыл хорға барлық мектептер үшін бір ән таңдалды. «Анаға арнау» әнінің сөзін жазған Р.Наурызбаева болса, әнін жазған Ғ.Дауылбаева. Іс-шараға мектебіміздің 6-7 сынып оқушыларынан құралған 70 бала қатысты. Игілігі мол бастама шәкірттеріміздің аналарға деген шынайы құрметі мен ризашылығын білдіретін рухани іс-шараға айналды», - деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Айдарова.
Челлендж қорытындысы бойынша түсірілген бейнероликтер әлеуметтік желілерде #анаға_арнау_хор2026 хэштегтерімен жарияланатын болады.

