Елорда экономикасына рекордты көлемде инвестиция тартылды – Жеңіс Қасымбек

Бүгін, 10:30
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елорда экономикасына рекордты көлемде инвестиция тартылды – Жеңіс Қасымбек
Фото: Instagram/jenis_qasymbek

Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қаланың дамуына жеке қаражат тартуды жалғастырамыз. Бұл тек әлеуметтік нысандарға ғана емес, сол сияқты өңдеу өнеркәсібі, логистика, көлік және т.б. салаларға қатысты. Елорда экономикасына 2025 жылы рекордты көлемде инвестиция тартылды – шамамен 2,5 трлн теңге, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21,3%-ға көп», - деді әкім.

Жеңіс Қасымбек кезекті инвестштабтың отырысында бірқатар инвестордың ұсыныстары қаралғанын айтты.

«Олар – 500 МВт қуатты бу-газ қондырғыларын салу және пайдалану, логистикалық парк салу, 1000 балаға арналған күндізгі және пансионатты үлгідегі жеке мектеп салу және т.б. Сонымен қатар, штабтың қарауына №2 индустриялық паркке енгізілетін жобалар да ұсынылды. Оларға мотор майын өндіретін зауытты, ұнтақ және индустралды жабындарды шығаратын зауытты, ғылыми-зерттеу орталығын құруды, алюминий бұйымдарын өндіретін зауытты салу жатады.Биыл іске қосылатын инвестициялық жобалардың саны шамамен 60-қа жетеді, ал инвестиция көлемі – 220 млрд теңге. Бұл жобалар 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.Өңірлік инвестициялық штаб отырыстарын тұрақты түрде өткіземіз, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеміз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Бұған дейін Астанада 11 жаңа медициналық мекеме салынатынын жаздық.