Елімізге ең көп инвестиция құятын қай елдер - Ұлттық экономика вице-министрі жауабы
Егер бұрын тікелей шетелдік инвестициялар Қазақстанның тау-кен өндіру және мұнай-газ өнеркәсібіне бағытталса, қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов ОКҚ-де өткен баспасөз конференциясында сұраққа жауап беру барысында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгінде Қазақстан экономикасы 10–15 жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда әртараптандырылған. Мысалы, 2010 жылы ЖІӨ құрылымындағы мұнай өндіру саласының үлесі 16,5% болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру өнеркәсібінің үлесі 8,1%-ға дейін төмендеді. Тікелей шетелдік инвестициялар да осы үрдісті қайталап отыр: бізде инвесторлар тарапынан да әртараптандыру жүріп жатыр. Олар енді тек кен өндіруге, тек металлургияға немесе тек мұнай-газ секторына ғана емес, басқа да салаларға белсенді қызығушылық таныта бастады», – деді спикер.
Оның айтуынша, өткен жылы тікелей шетелдік инвестициялар ең көп тартылған негізгі салалар мыналар болды: көтерме және бөлшек сауда – 4,8 млрд АҚШ доллары, өңдеу өнеркәсібі – 4,4 млрд АҚШ доллары, қаржы және сақтандыру қызметі – 4,3 млрд АҚШ доллары, ақпарат және байланыс саласы – 1,4 млрд АҚШ доллары, көлік және қоймалау саласы – 977 млн АҚШ доллары. Ірі инвестор елдердің қатарында Нидерланд, Ресей және Қытай бар.