Еліміздің барлық елдімекені 100% сумен қамтамасыз етілді – вице-министр
Мемлекет басшысының халықты 2025 жылдың соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы толық орындалды. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, тапсырманы орындау кезеңінде республикалық бюджеттен шамамен 835 млрд теңге бөлініп, 1,6 мыңнан астам жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде қайтарылған активтер есебінен Арнаулы мемлекеттік қордан – 132 млрд теңге бөлінген.
«Нәтижесінде осы қаражатқа 34 қала мен 756 ауыл орталықтандырылған су жүйесімен қамтылды. Оған қосымша, жергілікті бюджет есебінен 699 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2021 жылы ауыл халқының 90 пайызы және қала халқының 97,5 пайызы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізді. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, еліміздегі 90 қала мен 7,5 млн тұрғыны бар 6087 ауыл ауыз сумен толық қамтамасыз етіліп отыр», – деді вице-министр.

Сумен жабдықтау сапасына өз алдына бөлек назар аударылып отыр. Барлығы 9,5 мың шақырым магистральдық желі реконструкцияланып, үлкейтілді, оның ішінде қалаларда – 1,8 шақырым, ауылдарда – 7,7 мың шақырым. Бұл желілердің тозуы деңгейі 38 пайызға дейін төмендеуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар сумен жабдықтауды және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылға жалпы трансферттер аясында 128 млрд теңге бөлінді, оның ішінде сумен жабдықтауға – 78 млрд теңге, су бұруға 50 млрд теңге бағытталған. Қосымша жаңғырту жұмыстары Энергетика мен коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба аясында несиелік қаражаттар есебінен жүргізілмек.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде аймақтың 100 пайыз сумен қамтылғанын айтқан еді.