Елімізде рұқсат етілмеген қоқыс үйінділер саны азайды
Қалдықтармен жұмыс істеудің жүйелі тәсілінің болмауы, жекелеген жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі, сонымен қатар экологиялық мәдениеттің төмен деңгейі мен қоршаған ортаға тікелей зиян келтіретін стихиялық қоқыс үйінділерінің пайда болуына әкеледі. Жыл басынан бері республика бойынша 3,8 мың рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталды, олардың 94% - ы жойылды. Бұл туралы ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Кожиков ОКҚ брифингінде хабарлады. Оның айтуынша, қоқыс үйінділерінің ең көп саны Астана қаласында, Қарағанды және Ақмола облыстарында анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Аталған өңірлерде жоюдың жоғары пайызы қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бірқатар өңірде рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою бойынша көрсеткіштер төмен деңгейде. Атап айтқанда, Ұлытау облысында – 60%, Атырау облысында – 66%, Шығыс Қазақстан облысында – 78%. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдардың жұмысын күшейту қажет», - деді спикер.
Министрліктің «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен, құқық қорғау органдарымен және әкімдіктермен бірлескен жұмысы нәтижесінде анықталған рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің саны қысқарды. Соңғы жылдары рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің саны азаюы бойынша оң динамикасы қалыптасты. Мысалы, 2020 жылы 8 мыңнан астам қоқыс үйіндісі анықталып, олардың тек 66%-ы жойылған болатын. 2024 жылы бұл көрсеткіш 4886-ға дейін төмендеп, оның 93%-ы жойылды. Ал 2025 анықталған полигондар саны 3828-ні құрап, жою деңгейі 94%-ға жетті.