Референдум-2026

Елімізде 265 мыңнан астам қыз бала адам папилломасы вирусына қарсы екпе алды

Бүгін, 20:03
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде 265 мыңнан астам қыз бала адам папилломасы вирусына қарсы екпе алды
Фото: Нұркен Мерғалиев

Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакциналау мемлекет есебінен тегін жүргізіледі және жатыр мойны обырының алдын алудың маңызды шараларының бірі болып табылады. Бұл туралы Алматы онкология орталығының онкогинекологы Асқар Айдаров мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Маманның айтуынша вакциналау 11 жастағы қыз балаларға жүргізіледі, ал екпе уақытында салынбаған жағдайда оны 17 жасқа дейін қоса алғанда алуға болады. Екпе жатыр мойны обырының және бірқатар басқа да онкологиялық аурулардың негізгі себебі болып табылатын АПВ-ның ең қауіпті түрлерінен қорғайды.

«Уақтылы жүргізілген вакциналау вируске тап болғанға дейін иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді және аурудың даму қаупін едәуір төмендетеді. АПВ-ға қарсы тегін вакциналау – бүгінгі таңда қыз балалардың денсаулығын сақтап, болашақта жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған маңызды мемлекеттік кепілдік», – деді маман.

Бүгінгі таңда 11–13 жас аралығындағы 265,2 мыңнан астам қыз бала екпенің бірінші дозасын алды, ал 175,1 мыңы екінші дозаны қабылдап, вакциналау курсын толық аяқтады. Жыл басынан бері: бірінші дозамен 51,4 мың қыз бала егілді; екінші дозамен 49,6 мың қыз бала егілді. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша 13 мамырдан бастап 14–17 жас аралығындағы қыз балаларды ерікті түрде вакциналау жүргізілуде. Осы кезеңде екпенің бірінші дозасын 32,2 мыңға жуық жасөспірім алды. Екпе алғандардың арасында екпеден кейінгі қолайсыз көріністер болмаған. 

Еске салсақ, елімізде шетелдік пациенттер үшін «Бір терезе» жүйесі құрылады.