ДСМ бірыңғай цифрлық инфрақұрылым қалыптастырып жатыр

ДСМ бірыңғай цифрлық инфрақұрылым қалыптастырып жатыр
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президентке денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жай-күйі мен саланы дамыту перспективасы жөнінде есеп берілді. Ақмарал Әлназарова негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер туралы баяндады.

Жалпы және нәрестелер өлімі 15,3 пайызға төмендеді. Қазақстанда жұқпалы емес аурулардан мерзімінен бұрын қайтыс болғандар саны 25 пайызға азайды. Осылайша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мақсатты көрсеткішіне қол жеткізілді.

Минстр медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, алғашқы медициналық жәрдемді жетілдіру, скрининг бағдарламаларының аясын кеңейту және ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін жаңғырту жөнінде мәлімдеді.

Онкологиялық қызметті дамыту шаралары жалғасып келеді. Астана қаласындағы жаңа онкологиялық кешеннің базасында Протонды терапия орталығы ашылды. Қызылорда және Ақтау қалаларында 2 жаңа ПЭТ/КТ кешені іске қосылды.

Барлық өңірде сарапшылық эндоскопия орталықтарының жұмысы жолға қойылды.

Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен аймақтардағы бірқатар нысан құрылысы аяқталды.

МӘМС жүйесіндегі қаржыны бақылауды күшейту, соның ішінде қаражатты мақсатты жұмсауды мониторингтеу жүйесін автоматтандыру және медициналық қызмет көрсетушілерге талапты қатаңдату шараларына баса назар аударды.

Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жеке-жеке қызмет көрсететін ақпарат жүйелерін E-Densaulyq платформасына біріктіру қолға алынған.

Соңғы екі жылда фармацевтика өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 2,3 есе, ал дәрі-дәрмектің экспорты 1,9 есе өскен. Дәрі-дәрмектің 400-ден астам түрін өндіру бойынша 6 инвестициялық келісім жасалды. Олардың жалпы құны 316,3 миллиард теңгеге бағаланған.

Мемлекет басшысына саланың кадрлық әлеуетін дамыту, медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету жөнінде ақпарат ұсынылды.

Президент медициналық қызмет сапасын арттыру, саладағы қаржылық тәртіпті қатаңдату, маман даярлау жүйесін жетілдіру, цифрлық жаңғырту жұмыстарын жеделдету және отандық фармацевтика өнеркәсібін өркендету бойынша бірқатар тапсырма берді.