ДСМ антибиотикті беру жүйесін бақылауды күшейтпек

ДСМ антибиотикті беру жүйесін бақылауды күшейтпек
Фото: magnific.com

Микробқа қарсы препараттарға төзімділікке қарсы іс-қимыл мәселесі жүйелі шараларды қабылдауды және препараттарды ұтымды қолдануды бақылауды одан әрі күшейтуді талап ететін бүкіл әлем үшін өзекті проблема болып қала береді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ-ға сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, елімізде 2027 жылға дейінгі кезеңге арналған «Қазақстанда микробқа қарсы препараттарға төзімділікті тежеу жөніндегі шаралар туралы» Жол картасы іске асырылып жатыр. Соған қарамастан антибиотикті бақылаусыз қолдану, препаратты заңсыз сату және ақпараттық-түсіндіру жұмысының жеткіліксіздігі сияқты бірқатар мәселе шешімін таппай отыр

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы Эрик Байжүнісовтің айтуынша, микробқа қарсы препараттарға төзімділік бүгінде жаһандық және ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне төнген ең күрделі қауіптің біріне айналып отыр.

Аталмыш орталықтың мәліметінше, елімізде антибиотиктерді тұтыну бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған көрсеткіштерге әлі қол жеткізген жоқ. Атап айтқанда, «Access» «базалық» тобына жататын антибиотиктерді тұтыну үлесі (ДДҰ ұсынған және ең жиі кездесетін инфекцияларды емдеуде қолданылатын негізгі препараттар) кемінде 70% болуы тиіс болса, қазіргі көрсеткіш 38,3% ғана. Сонымен қатар, төзімділіктің қалыптасу қаупі жоғары «Watch» тобы антибиотиктерін тұтыну деңгейі жоғары күйінде қалып отыр.

«Микробқа қарсы төзімділік тек медициналық мәселе шеңберінен шығып, денсаулық сақтау саласындағы ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Төзімділікті тиімді тежеу үшін зертханалық мониторингті күшейтуден бастап антибиотиктерді ұтымды қолдану мәдениетін қалыптастыруға дейінгі жүйелі шаралар қажет», – деп атап өтті Эрик Байжүнісов.

Антибиотиктерді бақылаусыз қолдану мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Қолданыстағы шектеуге қарамастан, антибактериялық препараттар дәрігердің рецептісінсіз, оның ішінде онлайн сервис, цифрлық платформалар арқылы сатылып жатыр. Өзін-өзі емдеу және антибиотикке төзімділіктің артуына ықпал етеді.

Жуырда өткен алқа отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова микробқа қарсы төзімділікті одан әрі тежеу үшін нақты практикалық шешімге көшу қажеттігін мәлімдеді.

«Біз бұл мәселені ұзақ уақыт бойы талқылап келеміз, енді сөзден іске көшетін уақыт жетті. Бұл проблеманың негізгі құрамдас бөлігі – микробқа қарсы препараттарды бақылаусыз қабылдау және көптеген басшының осы қауіптің маңыздылығын толық түсінбеуі», – деп атап өтті министр.

Осыған байланысты ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантура бағдарламаларына микробқа қарсы төзімділік мәселелеріне арналған пәндерді енгізуді тапсырды.

Сонымен қатар, антибактериялық препараттарды рецептісіз босатуды бақылау күшейтіледі, дәрілік заттарды таңбалау жүйесін қолдану аясы кеңейтіледі, сондай-ақ төзімділіктің даму қаупі төмен антибиотиктерді тіркеуге басымдық беріледі.

«Бірыңғай денсаулық» қағидаты шеңберінде Ауыл шаруашылығы және Экология министрліктерімен ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіледі. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы микробқа қарсы төзімділік бойынша эпидемиологиялық қадағалауды кеңейтеді. Өңірлерде микробиология зертханасын жабдықтауға және олардың жұмыс тиімділігін арттыруға басымдық беріліп, госпиталь эпидемиологы, бактериологы және клиникалық фармакологтарды оқытылады.

Айта кетерлігі, жыл сайын әлемде антибиотиктерге төзімді микроорганизмдерден туындаған инфекциялар салдарынан 700 мыңға дейін адам көз жұмады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, 2050 жылға қарай мұндай өлімнің саны 40 миллионға жетуі мүмкін.