Діни саладағы цифрландыру: елордада республикалық семинар өтті

Діни саладағы цифрландыру: елордада республикалық семинар өтті
Фото: «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры

Астанада «Қоғам трансформациясы жағдайында діни саланы басқару: тәуекелдер, басқарушылық шешімдер және тиімділік» тақырыбында республикалық семинар өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараны қалалық Дін істері жөніндегі басқармасы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті бірлесіп ұйымдастырды.

Қазіргі қоғамдық өзгерістер жағдайында діни саланы басқарудың өзекті мәселелерін талқылау, тиімді басқарушылық тәсілдерді қалыптастыру, сондай-ақ өңірлер арасында тәжірибе алмасу өткен семинарға Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли, ҚР МӘМ Дін істері комитетінің өкілдері, Қазақстан Республикасының өңірлеріндегі дін істері жөніндегі басқармалардың басшылары, сондай-ақ ведомствоға қарасты ұйымдардың директорлары қатысты.

Жиында діни саладағы заманауи сын-қатерлер мен тәуекелдер, дін саласындағы мемлекеттік саясат тетіктерін жетілдіру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен үйлестіруді дамыту мәселелері сөз болды.

Жиын барысында биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында елордалық Дін істері жөніндегі басқарма әзірлеген «TASPA» ақпараттық-талдамалық жүйесі таныстырылды. Қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырған аталған жүйе – интернет кеңістігіндегі контентті жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып мониторингтеу, өңдеу және талдауға арналған заманауи бағдарламалық кешен.

Сондай-ақ семинарда діни саясат саласында жұмыс істейтін мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыру және басқарушылық шешімдерді жаңа әлеуметтік және цифрлық жағдайларға бейімдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аталған семинар қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету, конфессияаралық келісімді нығайту және зайырлы мемлекет қағидаттарын ілгерілету бағытында үздік тәжірибелермен алмасу мен ортақ тәсілдерді қалыптастыруға арналған маңызды диалог алаңына айналды.

Бұған дейін Астанада діни сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесулер өткен болатын.