Көшпенділер ойындары: Бүгін ел қоржыны бірнеше алтын медальмен толықты
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы самбо, құсбегілік және арқан тартыстан алтын жүлделерге ие болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне сілтеме жасап.
Самбодан +98 келі салмақта өнер көрсеткен Сапар Болат қарсыластарының барлығынан басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды. Спортшы тартысты белдесулерде шеберлігі мен жігерін көрсетіп, Қазақстан құрамасына кезекті алтын медальді сыйлады.

Құсбегіліктен де ұлттық құрама қоржыны алтынмен толықты. Қаршығамен сынға түскен Серікболсын Жалғасұлы жоғары шеберлік танытып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Бұл жеңіс қазақтың атадан балаға жалғасқан дәстүрлі құсбегілік өнерінің халықаралық деңгейдегі биік әлеуетін көрсетті. Спортшы ұлттық өнерді дүбірлі додада лайықты дәріптеп, ел мерейін үстем етті.

Ал арқан тартыстан Қазақстан құрамасы ойындардағы екінші алтынына қол жеткізді. Бүгін ұлттық құрама арқан тартыстың 4×4 түрінен топ жарып, чемпион атанды.
Айта кетейік, бұл спортшылар үшін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы екінші алтын медаль. Кеше олар арқан тартыстың 8×8 түрінен де жеңімпаз атанған болатын.

Еске салсақ, кеше Абзал Тұлыбеков жамбы атыудан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды.