Бізге халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керек – Тоқаев
Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында бизнес – кез келген елдегі экономиканың негізгі тірегі екенін, бізге халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керек екенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
"Біз ұзақ жолды жүріп өттік. Осы жолда жұрт жеке меншік институтына ешкім қол сұқпауға тиіс екенін түсіне бастады.
Мен мемлекеттік билік жүйесінде жоғары лауазымды қызметтерді атқара жүріп, сөзбен де, іспен де ұлттық буржуазияның заңды мүддесін қорғауға тырыстым. Себебі экономиканы өркендету және мемлекеттің қоғамдық негіздерін нығайту ісінде кәсіпкерлер елеулі рөл атқаратынын жақсы түсінемін.
Тарихи себептер мен ұлт болмысындағы ерекшеліктерге байланысты ірі бизнесмендеріміз қарапайымдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерге мән бере қоймайтыны рас", - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Швейцарияда кәсіпкерлердің елден дараланып көзге түскісі келмейтінін көріп, таңғалғанын айтты.
"Мен Швейцарияда жұмыс істеп жүргенде аса ірі әрі белгілі кәсіпкерлермен кездесулер өткіздім. Сол кезде олардың өз қаражатын өте үнемдеп жұмсайтынын және елден дараланып көзге түскісі келмейтінін көріп, таңғалдым. Миллиардтаған қаржысы бар адамдар қонақүйдің қарапайым бір бөлмесінде тұруға намыстанбайды. Жеке ұшақпен ұшпақ түгілі, бірінші санаттағы орындарға да отырмайды. Бірақ, бұл – олардың бойында ғасырлар бойы қалыптасқан дағды.
Ал, біздің кәсіпкерлеріміз үшін қалыпты көрінетін өмір салты кейде қоғамның наразылығын тудырып жатады. Мұндай жағдай көптеген елде бар. Сол үшін де қайырымдылық қызметі жұмыс істейді. Бұл – қоғам мен бизнес арасындағы өзара келісім іспеттес", - деді ол.
Президент сондай-ақ бізге халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керек екенін атап өтті.
"Себебі, халық болмаса, олар ешқашан табысқа жете алмас еді. Мен қоғамның игілігіне қызмет ету билік жүктеген міндет емес, мәртебелі парыз екенін тағы да олардың есіне салдым. Осы орайда, шетелде табысқа жетсе де, туған жерін ұмытпай, халқына көмектесіп жүрген ірі кәсіпкерлерді жақсы үлгі ретінде атап өттім. Ондай азаматтар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жүр. Қалаларда инфрақұрылым салып, жөндеп, мұражайлардың, емханалар мен мектептердің құрылысын қаржыландырып жатыр.
Қазақстанда көп нәрсе өзгерді. Қоғамдық сана жаңғыра түсті, мемлекеттік басқару жүйесі жаңарды, саяси қайраткерлер ауысты. Ірі кәсіпкерлер ғана жүрісінен жаңылмай, бәз-баяғы қалпында келе жатыр. Бірақ, бұл, бір жағынан, биліктің бизнеске көзқарасы дұрыс екенін көрсетеді.
Кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекеттің қолдауын дұрыс түсіне бермейді, әрдайым солай болуға тиіс деп қабылдайды", - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ауқымды жобаларды жүргізу кезінде кәсіпкерлердің Үкіметтен көмек сұрауын құптамайтынын айтты.
"Олар ауқымды жобаларды бастап алып, қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды. Мен оларға «бизнеспен айналысып жатқан сіздер ме, әлде Үкімет пе?» деп сұрақ қойдым.
Қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен кейбір кәсіпкерлерді сынауға тура келді. Бизнесмендер ел экономикасын өркендету үшін жұмыс істеуі керек. Тіпті, кәсіптің жілігін шағып, майын ішкен Илон Масктің өзі саясатқа белсенді араласпау туралы шешім қабылдады, - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің алапат тасқын кезінде елдік істен шет қалмағанын тілге тиек етті.
"Отандық бизнес өкілдері тарихымызда бұрын-соңды болмаған алапат тасқын кезінде елдік істен шет қалған жоқ, апат салдарын жоюға қаржылай көмек көрсетті. Бұл – қуанарлық жағдай.
Мен қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтарды қолдау үшін арнайы «Мейірім» орденін енгіздім. Елге жанашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер биылдан бастап осы жоғары наградаға ие болады. Осылайша, олардың қоғам алдындағы абырой-беделі мен мәртебесі айқындалады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, бүгін Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетінің бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбатын жариялағанын жаздық.