Биыл 4 қалада жаңа кәріз тазарту нысандары іске қосылады
Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов коммуналдық саланың басты проблемалық мәселелерінің бірі – қалалық кәріз-тазарту құрылыстарының жағдайы екенін хабарлады. Олардың басым бөлігі 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған және елдімекендердің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына тікелей әсер етуде, деп хабарлады Elordainfo.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, 2025 жылы Ақтау және Леңгір қалаларында жаңа кәріз тазарту құрылғылары іске қосылды. Осы жылдың соңына дейін Атырау, Қызылорда, Қарқаралы және Қаражал қалаларында тағы төртеуін іске қосу жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда 45 КТҚ салу және жаңғырту жобасын жүзеге асыру қарастырылуда, ол жұмыстарға халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері, «Бәйтерек» холдингі арқылы облигациялық несиелер, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік мехнизмі және арнайы трансферттер сияқты әртүрлі қаржыландыру көздері тартылады. Оның ішінде 7 жоба Еуропа қайта құру және даму банкі және Азия даму банкі несиесі арқылы жүзеге асырылады.
Жобаны өтінімнен бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі бүкіл өмірлік циклді қамтитын кешенді тәсілді қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы қарашадан бастап Ұлттық жоба аясында Біртұтас электрондық платформа іске қосылды.
Қазіргі таңда министрліктің құзыреті аясында 89 жоба тіркелген, оның ішінде сумен жабдықтау бойынша – 52, су бұру бойынша – 37 жоба. Ал инфрақұрылымы анағұрлым тозған, «қызыл аймаққа» жататын, табиғи монополия субъектілері жүзеге асырып жатқан 31 жоба приоритетті деп айқындалды.
Бұған дейін елімізде 5 мың шақырым су құбыры желілері мен кәріз-тазарту құрылыстары жаңғыртылатынын жаздық.