Бестеректегі қайғылы оқиға: кінәлі жүргізушіге сот үкімі шықты
Абай облысында балалардың өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жол жүрісі қағидаларын немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін (ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі) А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы А. 2013 жылдан бері «эпилепсия» диагнозымен диспансерлік есепте тұрғанын біле тұра, мезгіл-мезгіл автокөлік басқарған.
Еске сала кетейік, осы жылдың 19 тамызында А. автокөлікті басқарып келе жатып, эпилепсия ұстамасының салдарынан басқаруды жоғалтып, жол жүріс бөлігінен шығып кетіп, үй қоршауының жанында тұрған жас балаларды қағып кеткен.
Жол-көлік оқиғасының салдарынан төрт бала қаза тауып, тағы екі бала ауыр дене жарақаттарын алды. Зардап шеккендер екі отбасының балалары болған.
«Прокурор сотталушыға 9 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші тарап заңда көзделген ең қатаң жаза тағайындауды өтінді.
Сотталушы кінәсін толық көлемде мойындады.
Сотталушының кінәсі оның мойындау көрсетулерімен, куәлардың айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және іс материалдарымен дәлелденді.
ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ 10 жылға дейін көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды көздейді.
Жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот кінәні мойындауды, кәмелетке толмаған баланың асырауында болуын және келтірілген залалдың ішінара өтелуін ескерді.
Ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстық құқық бұзушылықтың жас балаларға қатысты жасалуы танылды.
Істі қарау нәтижесі бойынша сот А.-ны ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды тағайындады», - делінген хабарламада.
Сот сотталушыдан жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 50 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім қабылдады.
Бұған дейін жол апатын жасаған жүргізушінің баласы оқиға туралы айтқанын жаздық.